«Қазақстан халқына» қорының қаражаты қай жобаларға жұмсалды?
«Қазақстан халқына» қоры үш жылда 103 жобаға 230 млрд теңге қаражат бөлген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған қор төрағасы Болат Жәмішев Ernst&Young компаниясы сыртқы аудит жүргізгенін хабарлады. Компания 2023 жылы атқарылған жұмыс есебін саралаған.
Қайырымдылық қоры ауыр жағдайға науқастарға септесу мақсатында қаражат жұмсайды. 461 адамның ем-домына 14,5 млрд төленді. Оның 342-сі – балалар.
Ісік ауруына шалдыққан 1200-ден астам науқасқа құны 14,5 млрд теңге болатын дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор балаларды қабылдайтын 22 нейрохирургиялық орталыққа және бес онкологиялық орталықты сапалы қондырғымен қамтуға көмектесті. Бұған дейін мүгедектіктен сақтау бағытында 13 ерте араласу орталығы, аутизм дертіне шалдыққан балаларды емдейтін алты орталық ашылған. 150 кісіге жаңа протездер берілді.
Тасқын су кезеңінде де «Қазақстан халқына» қоры қомақты қаражат бөлді. Соның нәтижесінде бес облыста 627 үй бой көтерді.
Қор демеуімен ауылдарда 100 балалар спорт залы жабдықталған. Алматы мен Қарағанды облыстарындағы пән кабинеттері жаңғыртылды. Жалпы 135 ауыл мектебінің ғимараты жөнделді.
Қор жоспары:
- Балаларға арналған 20 оңалту орталығын ашу
- БҚО-да кітапханаларды комьюнити орталықтарға айналдыру, 13 модульды спорт зал салу
- Шағын қалалардың инфрақұрылымын жақсарту