Еурокомиссия Тик-Токқа қатысты тергеу бастады

Жарияланды
Тик-ток тергеу
Еурокомиссия Тик-Ток заң бұзды деп тергеу бастады/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуропалық комиссия Тик-Ток желісіне қатысты ресми тергеу басталғанын хабарлады. Әлеуметтік желі Румыниядағы сайлау кезінде Цифрлық қызмет туралы заң бұзуы мүмкін деп күдіктенеді. Қазір Еурокомиссия оны анықтау үшін қажетті деректер жинастырып жатыр.

24 қарашада Румынияда президент сайлауы өтті. Бірінші турда күтпеген жерден тәуелсіз қатысушы Джорджеску жеңіске жетті, бірақ оған дейін көпшілікке аса қатты танымал емес еді. Комиссия мүшелерінің пікірінше, Джорджеску контентінің жарнамасы Тик-Ток боттар немесе жалған аккаунттар арқылы тарап кетуі мүмкін. Елдің арнайы қызметі Тик-Ток платформасынан сайлауға  Ресейдің қатысы бар екені жайлы дәлелдер ұсынған соң Конституциялық сот сайлау нәтижесін жоққа шығарды.

Қазір Еурокомиссияны әлеуметтік желідегі ұсыныстар алгортимі мен саяси жарнама жүйесінің жұмысы алаңдатып отыр. Енді қосымша ақпарат жинақталып жатыр. Егер Tик-Ток ЕО заңына сай жұмыс істемегені анықталса, жаһандық түсімінің 6% көлемінде айыппұл төлейді. Еуропалық комиссия әлі тергеудің қай уақытта аяқталатынын айтқан жоқ.

«Сайлау кезінде үшінші тараптың араласқаны жайлы күдік туған кезде біз жылдам әрі нақты әрекет етуіміз керек. Румыниядағы президент сайлауына Тик-Ток көмегімен шетелдік нысандардың қатысқаны жайлы белгілер байқалғаннан кейін әлеуметтік желі Цифрлық қызмет туралы заңды бұзған-бұзбағаны жайлы қазір тыңғылықты зерттеу жүргізіп жатырмыз. ЕО-да барлық онлайн-платформалар, оның ішінде Тик-Ток та бар, жауапкершілікке тартылатыны анық болуы керек», – деді Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен.

Қараша соңында Еурокомиссия Tик-Ток желісінен сайлау кезіндегі бейтараптықты қамтамасыз ету үшін қандай алгоритмдерді іске қосқаны жайлы ақпарат сұратқан. Бұған дейін Еурокомиссия еуропалық сайлау кампаниясы кезінде Instagram мен Facebook жалған ақпаратпен қалай күресті деген сауалмен Мета компаниясына қатысты тергеу бастаған еді.

Тик-Токтың жұмысына қатысты Қазақстанда да талқылау болды. Осы жазда мәжілісте әлеуметтік желіні бұғаттау жайлы мәселе көтерілді. Бірақ кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов әлеуметтік желінің елде бұғатталмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз