АҚШ билігі Илон Маскті жауапкершілікке тартпақ, Dow индексі тоғыз күн қатарынан құлдырады
АҚШ-та қараша айындағы бөлшек сауда деректері сарапшылардың болжамынан асып түсті. Бұл көрсеткіш инфляцияның тұрақтылығын білдіреді әрі пайыздық мөлшерлеменің төмендеу қарқынына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Dow өнеркәсіптік индексі 1970 жылдан бері алғаш рет тоғыз күн қатарынан төмендеді. 17 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи отырыңыз.
Dow индексі тоғыз күн қатарынан құлдырады
CNBC хабарлауынша, Dow өнеркәсіптік индексі 1970 жылдан бері алғаш рет тоғыз күндік құлдырау кезеңін бастан өткерді. Сейсенбі күні индекс 0,61%-ға төмендеді, ал оған дейінгі сегіз сауда күні де теріс нәтиже көрсетті.
Dow индексінің мұндай сәтсіздігі тарихи максимум 45 000 тармаққа жеткеннен кейінгі күні басталды. Алайда бұл уақытта АҚШ-тың басқа қор нарықтары өсуін жалғастырды. Тек кеше ғана төмендеу байқалды.
Сарапшылардың пікірінше, Dow индексіндегі жағдай инвесторлардың технологиялық компаниялардың акцияларына ойысуымен және «ескі экономикадан» бас тартуымен байланысты.
«Трамп жеңіске жеткеннен кейін қаржы және өнеркәсіптік компаниялардың акциялары күрт өсті. Бірақ қазір Уолл-стрит оның экономикалық саясаты кейбір акциялар үшін онша қолайлы болмауы мүмкін екенін түсініп жатыр. Өнеркәсіп секторы жоғары пайыздық мөлшерлемелермен және саудадағы белгісіздікпен бетпе-бет келуі мүмкін», – деді TradeStation компаниясының бөлім басшысы Дэвид Рассел.
Инвесторлар мен экономистер арасында АҚШ Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені төмендетуге тым ерте кірісті деген алаңдаушылық бар. Бұл инфляцияның өсуіне түрткі болып, АҚШ қор нарығына қауіп төндіруі ықтимал.
Қараша айындағы бөлшек сауда көрсеткіштері сарапшылардың болжамынан асып түсті
Yahoo Finance мәліметінше, қараша айында АҚШ-та бөлшек сауда сатылымы Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан да тез қарқынмен өсті. Бұған елдегі тұтынудың тұрақтылығы, сондай-ақ қараша айындағы дәстүрлі Рождество алдындағы сауда маусымының ашылуы әсер етті.
Айдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 0,7%-ға өсті. Сарапшылар бұл көрсеткіш 0,6% болады деп күткен еді. Ал қазан айындағы сауда 0,5%-ға өскен болатын (қайта қаралған деректер бойынша).
Ең үлкен өсімді автокөлік пен қосалқы бөлшектер секторы көрсетті – өткен аймен салыстырғанда 2,4%-ға артты. Сондай-ақ интернет сатылым да айтарлықтай жоғары болды – бір айда 1,8%-ға өсті. Егер автокөлік және энергия ресурстары көрсеткіштерін алып тастасақ, сатылымдар 0,2%-ға артқан болып шығады.
«Есеп тұтынушылардың тұрақтылығын көрсетеді, ал өсім кең ауқымды күштің белгілерін байқатты. Алынған деректер инфляцияның тұрақтылығын білдіріп, пайыздық мөлшерлеменің төмендеу қарқынына түзетулер енгізуі мүмкін екенін көрсетті», – деп жазды Capital Economics North America экономисі Брэдли Сондерс клиенттеріне жолдаған жазбасында.
АҚШ билігі Илон Маскті мемлекеттік құпияларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартпақ
The New York Times басылымының хабарлауынша, SpaceX компаниясының басшысы Илон Маскке федералды тексерулер жүргізілуі мүмкін. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, федералды агенттіктер кем дегенде үш тергеуді бастаған. Оның ішінде компанияның мемлекеттік құпияны ашуға қатысты хаттамаларды сақтауын тексеру де бар. Тексерулерді АҚШ Қорғаныс министрлігі, Әуе күштері және Пентагонның барлау мен қауіпсіздік жөніндегі министр орынбасарының басқармасы жүргізіп жатыр.
АҚШ Әуе күштері жақында Маскке жоғары деңгейдегі қауіпсіздік жүйесіне қол жеткізуге рұқсат беруден бас тартты. Себеп ретінде ықтимал қауіптер аталды. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, Израиль сияқты бірнеше одақтас мемлекет Масктің құпия ақпаратты басқа елдермен бөлісуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.
Басылым атап өткендей, Илон Масктің «әлемдегі ықпалы артып келеді». Бірақ ол қауіпсіздік нормаларын ұзақ уақыт бойы елемей келген. Алайда бұл жолы мәселе мемлекеттік деңгейдегі қауіпсіздікке қатысты болып отыр.