Ресейден көшіп келген компания Ертіс тау-кен комбинаты құрылысына қаржы іздестіруде

Жарияланды
Ертіс тау-кен металлургия комбинаты
Компания Ертіс тау-кен металлургия комбинаты құрылысына қаржы іздеп жатыр/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ертіс тау-кен металлургия комбинатының  құрылысына жауапты Solidcore Resources компаниясы қаржы іздестіріп жатыр.

Қазақстан Даму Банкінің сайтында жарияланған ақпаратта «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС-ның Павлодар облысында жоғары технологиялық комбинат салу үшін қаржы алуға өтініш бергені жазылған. Әзірге жобаға «индиткативті талдау» жүргізу үшін құжат жиналып жатыр. Бұл кәсіпорын Solidcore Resources-қа тиесілі. Қаржы ұйымы «Астана» қаржы орталығында тіркелген. Қазақстандағы ең ірі кен өндіруші компания ретінде танымал.

Solidcore Resources ресми сайтындағы мәліметке сенсек, Ертіс тау-кен металлургия комбинатының құны 978 млн доллар деп бағаланып отыр. Оның ішінде 2023-2024 жылы жүргізілген капиталдық шығындар 112 млн долларды құрайды. Құрылысқа қажетті 400-500 млн доллар үшін банктен несие алмақшы. Бұл туралы бұған дейін компанияның қаржы директоры Максим Назимок айтқан еді.

Негізі бастапқыда жоба құны 800 млн доллар деп бағаланған. Кейінірек компания басшылығы құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар бағасы өсуіне байланысты қаржы көлемін де өсірді.

Осыған дейін Solidcore Resources атқарушы директоры Виталий Несис компанияның Ертіс тау-кен металлургия комбинаты құрылысына кірісетінін хабарлаған. Компания мәліметінше, кәсіпорын отқа төзімді кендерді өңдеуге арналған Орталық Азиядағы ең ірі және жоғары технологиялық кешенге айналуы керек.

Жоба аясында құрылыс кезінде мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Ал зауыт пайдалануға берілгеннен кейін, 500-ге жуық тұрақты жұмыс болады деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз