Досаевтың «бас ауруына» айналған Сайран автовокзалы мемлекет меншігіне қалай қайтады?
Алматы әкімі Ерболат Досаев қала орталығында орналасқан «Сайран» халықаралық автовокзалы мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты. Қала басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «автовокзал менің бас ауруыма айналды» деп мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, автовокзалдың қазіргі иесімен келіссөз басталып кеткен. «Сайранды» коммуналдық меншікке қайтарып, оны қайта жаңғырту және бірыңғай көлік-логистикалық кешен ретінде дамыту жоспарланып отыр.
«Қала үшін автовокзал үлкен көлік торабы ретінде өте маңызды. Алматының бас жоспарына сәйкес, автовокзал қоғамдық-іскерлік аймақта, нақтырақ айтқанда, көлік қызметін көрсету нысандары аймағында орналасқан, сондықтан жолаушыларға өте ыңғайлы», – деді қала әкімі.
«Сайран» автобекеті кімнің меншігінде?
«Сайран» автовокзалы 2000-шы жылдардың ортасында жекешелендірілген. 2018-2019 жылдары нысан иесі ғимаратқа жөндеу жұмысын жүргізген.
egov.kz деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта «Сайран» халықаралық автобекеті Мұқыжанова Күләш Молдабекқызының меншігінде.
2008 жылға дейінгі акционерлерінің қатарында Есенгелді Мұқыжанов, Қайыржан Мұқыжанов, Күләш Мұқыжанова мен Төлеубек Сүйіндіков болған. Сол жылы компания қайта тіркеуден өтіп, акционерлер қатарында Күләш Молдабекқызы ғана қалған. Ол – кезінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған Есенгелді Мұқыжановтың жұбайы.
Жанат Етекбаевтың «Ауылдан адам көшпейді» деген биографиялық кітабында Есенгелді Мұқыжанов 1992-1996 жылдары Туризм және спорт министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарғаны, бірнеше рет Алматы қалалық мәслихатына депутат болып сайланғаны жазылған.
Осы биографиялық кітапқа сүйенсек, 2008 жылға дейін автовокзал акционерлері қатарында болған Қайыржан Мұқыжанов – Есенгелді мен Күләш Мұқыжановтардың ұлы. Төлеубек күйеу баласы екені жазылған. Төлеубек Сүйіндіков 2023 жылы Karabatan Utility Solutions ЖШС басқарма төрағасы болып сайланған.