Ұлттық компания еліміздің мұнай барлау саласын қытайлық мамандардың қолына тапсырмақ па?

Жарияланды
Бұл жоба туралы келісімге аталған екі компания 2024 жылы қол қойған.

Қытай компаниялар қазақ жерінен мұнай іздейді. Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Компания мәліметінше, «ҚазМұнайГаз» бен China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) геологиялық барлау саласында ынтымақтастықты тағы да кеңейтпек.

Қытайдың астанасы Бейжің қаласында «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNOOC директорлар кеңесінің төрағасы Ван Дунцзинмен кездескен. Тараптар екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, бірлескен «Жылыой» жобасы туралы сөз қозғаған.

Бұл жоба туралы келісімге аталған екі компания 2024 жылы қол қойған. Онда «Жылыой» кенін игеру жобасы бойынша серіктестік талаптары көрсетілген.

«ҚазМұнайГаздың» алдын ала бағамдауынша, бұл кеніштегі мұнай қоры 185 млн тоннадан асып жығылуы мүмкін.

«Бұдан бөлек, тараптар басқа да геологиялық барлау жобалары бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде талқылады. Сондай-ақ барлауға, мұнай өндіруге және газға қатысты CNOOC-тың еншілес сервистік компаниясы – COSL China Oilfield Services-пен инжиниринг саласында өзара ықпалдастық сөз болды», – делінген ҚМГ хабарламасында.

Ұлттық компанияның мәліметінше,  кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты әрі қарай бекіте түсуге әзір екенін айттып, бірлескен жобалар табысты жүзеге асады деп сенім білдірді.

Қазір игеріліп жатқан мұнай кеніштерінің сарқылып жатқаны мәлім. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың дерегінше,  оларда 2 млрд 745 млн тонна ғана шикізат қалған.  Орта есеппен жылына 61 млн тонна өндірілгенін ескерсек, Қазақстанда 25-30 жылда қара алтын бітеді. Сондықтан бізге жаңа мұнай көздерін іздеп табу қажет болады. Тамыз айының ортасында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жариялаған статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанда геологиялық барлау барынша құлдыраған. Билік мұнайдың жаңа кеніштерін табуға енді ден қойып жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қытайдың ресурсы мен мамандарына иек артып отырғаны байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз