Төтенше жағдайлар министрлігі өрт ошағына 1000 литр су тасымалдайтын жаңа тікұшақ сатып алды
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Airbus Helicopters H145 D3 тікұшағын сатып алды. Бұл техника іздеу жұмыстарына, ормандағы өртті сөндіруге және басқа да апат салдарын жоюға көмектеседі.
Жаңа тікұшақ ауа райына байланысты күрт бұрылыстар жасауға бейім. Өзен-көлде суға батқандарды тез құтқаруға арналған қолайлы жабдығы бар. Ең бастысы, өртті сөндіргенде бірден 1000 литр су тасымалдай алады.
Әуе кемесінің тағы бір артықшылығы – түнгі мезгілде құтқарушылардың қарқынды жұмыс істеуіне көмектеседі. Оның қуатты жарық көзі бар. Ойдағы мен қырдағыны шалып, жедел операциялардың сәтті жүзеге асуына ұйытқы болады.
«Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering» бас директоры Сесиль Арно тікұшақ кілтін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке табыстаған. Министр әр өңірде авициациялық жасақ құруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Осы ретте мамандар дайындаудың маңызы зор екені анық.
Жыл басынан бері авариялық-құтқару жұмысын жүргізу, оқу-жаттығу өткізуге байланысты 2540-қа жуық ұшу операциясы орындалған.
Сәуір айында Президент ТЖМ техникалық базасын жаңғыртылатынын айтты. Соның қатарында тікұшақтар мен арнайы техниканы көбейту жоспарланғанын мәлімдеді.
Биылғы су тасқыны кезінде техника тапшы екені белгілі болды. ТЖМ әскери әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтарын адамдарды құтқаруға пайдаланған.
Одан бөлек «Қазавиақұтқаруға» тиесілі бірнеше тікұшақ апатқа ұшырап, әскери адамдар қаза тапты.