Алматыда эконом-санатындағы тұрғын үй кешендерінің құрылысына тыйым салынады
Алматыда бұдан былай IV санаттағы тұрғын үйлер салынбауы мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Осы ретте IV – бұл эконом-санатындағы тұрғын үйлер екенін айта кеткен жөн. Бұдан былай Алматыдағы баспананың ең төменгі деңгейі комфорт (III санат) болып белгіленбек.
Тұрғын үй сату жүйелеріндегі ақпаратқа сүйенсек, қазір Алматыда 150-ден астам тұрғын үй салынып жатыр. Олардың шамамен 10%-ы осы эконом-санатына жатады.
Сонымен қатар Алматыда тау бөктері мен жасыл аймақтарға, сондай-ақ үй аулаларына қандай бір нысан салуға тыйым салынбақ. Жаңа ережелерге сәйкес, тұрғын үй аумақтарына қосымша ғимараттар салуға шектеу қойылады. Яғни адам тұрып жатқан кешендер мен аула аумақтарында жаңа тұрғын үй кешендерін немесе басқа ғимараттарды салуға болмайды.
Жаңа тұрғын үй кешендерін жеке меншік компаниялар емес, мемлекеттік органдар қабылдайды. Сондықтан сәулет-құрылыс бақылау органдарының өкілеттігі кеңейтілмек.
Қала әкімі бұл шектеулердің барлығы жаңа қала құрылысы ережелерінде жазылғанын атап өтті. Аталған талаптарды жыл соңына дейін мәслихат депутаттары талқылайды. Егер депутаттар мақұлдаса, олар 2025 жылы күшіне енеді.
Құрылыс нормалары бойынша эконом мен комфорттың қандай ерекшеліктері бар?
IV санатқа мына талаптар белгіленген:
- Пәтер ауданы – бір адамға кемінде 18 шаршы метр.
- Төбенің биіктігі – 2,5 метрден 2,7 метрге дейін.
- Пәтер ауданы кемінде: 1 бөлме үшін – 33 шаршы метр, 2 бөлме – 42 шаршы метр, 3 бөлме – 68 шаршы метр, 4 бөлме – 82 шаршы метр болуы шарт.
- Бір қабаттағы пәтерлер саны – 8-ге дейін.
- Ас үйдің ауданы – 9 шаршы метрге дейін.
- Бір жуынатын бөлме болуы шарт (біріктірілген).
- Кемінде бір балкон немесе мүлде болмайды.
- Қарапайым әрлеу жұмыстары жасалған, қасбеті де қарапайым.
- Қосымша – кабельдік телевизия.
Эконом тұрғын үй кешендерінің айрықша белгілері:
- ашық алаң;
- автотұрақ қарастырылмаған;
- қасбеттің дизайны қарапайым болады.
III санат, яғни комфорт келесі талаптарға сәйкес болуы керек:
• Пәтер ауданы – бір адамға кемінде 18 шаршы метр.
• Төбенің биіктігі – 2,7 метрден төмен болмауы шарт.
• Пәтер ауданы кемінде: 1 бөлме үшін – 35 шаршы метр, 2 бөлме – 55 шаршы метр, 3 бөлме – 68 шаршы метр, 4 бөлме – 95 шаршы метр болуы шарт.
• Ас үйдің ауданы – кемінде 9 шаршы метр болуы керек.
• Автотұрақ – бір тұрақ орны.
• Балкон немесе лоджия болуы керек. 3-4 бөлмелі пәтерде кемінде екі балкон немесе лоджия болуы шарт.
Сондай-ақ мына аумақтарда құрылыс жұмыстарына толық тыйым салынады:
Атап айтқанда:
- Шығыс айналма жолы, әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде;
- тау бөктеріндегі тегіс аумақтарда;
- еңістігі 15 градус немесе одан жоғары болатын учаскелерде қандай да бір ғимарат салуға тыйым салынады.
Тұрғын үйдің санаты бағасына қаншалықты әсер етеді?
Krisha.kz хабарлауынша, комфорт-санатындағы тұрғын үй эконом-санатындағыға қарағанда әдетте 25–35% арзан. Ал бизнес және элитпен салыстырғанда эконом-санатының шаршы метрінің бағасы 50-80%-ға төмен, ал кейде айырмашылық одан да жоғары.
Бұл ретте кей құрылыс компаниялары эконом сегментіндегі үйлерді «стандарт-санаты» деп жасыруға тырысады. Сондықтан пәтер таңдағанда мұны да білген жөн.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы Абай мен Әл-Фараби даңғылдарының арасында тоғыз қабаттан жоғары тұрғын үй кешендерін салуға толық тыйым салынатыны хабарланған. Ерекшелік тек бірегей нысандар үшін жасалуы мүмкін.
Сонымен қатар шаһардағы құрылысы күмән тудыратын, рұқсат құжаттары толық емес тұрғын үй кешендерінің тізімі жаңаланған еді. Мегаполис басшылығы жариялаған тізімге 36 тұрғын үй кешені кірген.