Сингапурлық инвесторлар Қазақстанның кен орындарында барлау жүргізеді

Жарияланды
Сингапурлық инвесторлар
Сингапурлық инвесторлар Қазақстанның кен орындарын барлауға қаражат құяды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сингапурлық инвесторлар Қазақстанның барланбаған кен орындарында зерттеу жүргізіп, кен іздейді. Бұл туралы Сенат отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбат Қонысбаев айтты.

«Қазіргі таңда біз 13 жобаны пысықтап жатырмыз. Ол жобалар бойынша Сингапурдан тартылатын қаражат көлемі 600 млн доллар болып отыр. Сонымен бірге елде 5 мыңнан астам барланбаған кен орындары бар. Бұл кен орындарына сингапурлық компаниялар инвестиция құйып, барлау жүргізуге ниет білдіріп отыр», – деді вице-министр.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев елдегі кен орындарына тек Сингапурлық компаниялар ғана емес, сонымен бірге басқа елдердің де қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Әлемдегі геосаяси оқиғаларға байланысты инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы артқан. Атап айтқанда, Еуропа мен Азия елдерінің қызығушылығы жоғары»,- деді Бақаев.

Жалпы Қазақстанға Сингапурдан 10 жыл ішінде 1,7 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Кен орындарынан бөлек, сингапурлық компаниялар Қазақстанда Алатау G4 city қаласын құруға атсалысады.

Ал жүзеге асырылған инвест-жобалар қатарында цемент зауыты мен энергетика саласындағы бірнеше жобалар бар. Айта кетейік, Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялауға қатысты құжатты мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз