Қостанайда қайтыс болған науқастың туыстары жедел жәрдем қызметкерін аяусыз соққыға жықты
Қостанайда түнгі шақырту кезінде жедел жәрдем фельдшері Әнел Баймұрзина соққыға жығылды. Медициналық қызметкер миы шайқалып, денесінде көгерген іздер қалған.
Медициналық қызметкердің жергілікті басылымға берген ақпаратында науқастың туыстары агрессия танытып, реанимациялық шараларды жүргізуге кедергі келтіргенін айтады.
«Науқастың тыныс алуы мен жүрегі тоқтап қалды. Біз 30 минут бойы реанимация жүргіздік, бірақ нәтиже болмады. Біз көңіл айтып үлгермей жатып, олар маған тап беріп, шашымнан ұстап, тепкілей бастады. Екінші фельдшер мен жүргізуші мені қорғауға тырысты, бірақ олардың күші жетпеді. Мен айқайлап көмек сұраған кезде, жүргізуші көрші пәтерге барып, полиция шақыруды сұрады. Сол уақытта мені шашымнан ұстап, ұрып жатқан еді. Көршілер келіп, мені босатып алды», – деді Әнел Баймұрзина.
Қостанай облысы полиция басқарамасының баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде үй иелері мен медициналық қызметкерлер арасында жанжал туындаған. Сол кезде 41 және 51 жастағы әйелдер фельдшерге дене жарақаттарын салғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, іс «адамға қасақана жеңіл жарақат салу» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елдегі жедел жәрдем көліктерінің жағдайы сын көтермейтінін айтқан еді.