Қорғасты Назарбаевтар отбасынан «тазалау» жүріп жатыр – Бейбіт Исабаев

Жарияланды
Бейбіт Исабай Қорғас
Бейбіт Исабаев Қорғас аймағы облысқа өткенде жағдайы тым нашар болғанын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жетісу әкімі Бейбіт Исабаев Қорғас экономикалық аймағына неге инвесторлардың бармайтынын түсіндірді. Әкімнің айтуынша, инвесторлар ол жерге барудан қорқады. Бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беріледі деп сескенеді. Бұл туралы өңір басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Журналист жиын барысында Қорғасқа үлкен инвесторлардың кірмейтінін, оның себебі неде екенін сұрады. Әкім бұған ескі жүйені кінәлады.

«Мұның екі себебі бар. Біріншісі – бізде инфрақұрылым дамымаған. Екіншіден – шетелдік инвесторларды қорғау жөніндегі заң бар және сенімсіздік бар. «Бұрынғыдай бола ма? Тамыр таныстық бар, прокуратура бар, зорлық қылып тартып алмай ма?» «Бизнесімізден айырылып қалмаймыз ба?» деп қорқады. Несі керек, бұрын болды ғой. Қорғас кімнің, қай семьяның ықпалында болғанын жақсы білесіздер. Біз соның бәрін тазалап жатырмыз», – деді әкім.

Исабаев Қорғасқа инвесторлардың көптеп келуі үшін инфрақұрылымын реттеу қажет екенін айтты. Сонымен бірге Үкіметтің Астанада отырып, Қорғасты орашолақтау басқарғанын да атап өтті.

«Өкінішке қарай, Қорғасты бір жыл бұрын ғана облысқа берді. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінің құзырында болды. Олардың 20 жыл басқарған кезіне, не істегеніне мен баға бере алмаймын. Бірақ біз қолымызға алған кезде Қорғастың жағдайы өте нашар болды», – деді әкім.

Дегенмен бір жыл ішінде Қорғаста жағдайдың біршама реттеліп қалғанын айтты. Бірінші кезекте отандық инвесторлардың құқы қорғала бастаған. Сонымен бірге жерлерді иеленіп, жұмыс істемей отырғандардан сотпен жерлер қайтарылған. Оған қоса, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын газдандыру жұмыстары басталған.

«2 жылда бұл жұмысымыз нәтижесін береді. Инвесторлар көптеп келе бастайды», – деді әкім.

Сондай-ақ оқыңыз