Сауда министрі Араб әмірліктеріне қой етінен өзге қандай өнім импорттамақ?
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстаннан негізінен қой етін импорттайды. Араб халқы көбінде «халал» маркалы ет тұтынғанды жөн көреді. Мәселен, 2024 жылы бұл елге 13 мың тоннадан астам қой еті жеткізілген. Бұл туралы Дубайда БАӘ Мемлекеттік сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Аль Зейудимен кездесу кезінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, БАӘ нарығында қазақстандық өнімдерге деген сұраныс артқан. Әсіресе, Қазақстанның органикалық ауыл шаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде салқындатылған қой етіне деген сұраныс жоғары.
«2024 жылдың 10 айында қой етінің экспорты 13,3 мың тоннаны құрап, оның жалпы құны 45,3 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем екі есе артты, экспорттық түсім 64%-ға артты», – деп мәлімдеді министр.
Қой етінен бөлек, Қазақстан жоғары сапалы ұн, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер және сүт өнімдерін экспорттауға дайын екенін жеткізген. Министр елде халал стандарттар бойынша өнімдер шығаратын өндірістің жолға қойылғанын, 10 жылда 1800-ден астам қазақстандық және шетелдік компания сертификаттаудан өткенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл елге экспортталатын қазақстандық тауарлар LuLu және Grandiose сияқты сауда желілері арқылы сатылымға шығарылуы мүмкін.