Шерзат Полаттың әпкесі елден шығарылса, кәмелетке толмаған баласы қайда қалады?
Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реймова елден шығарылса, оның кәмелетке толмаған баласы Мейірбек Реймов асыраушысыз қалуы мүмкін.
Сондықтан адвокат Мейірман Шекеев оның мектепте оқитын баласы бар екенін, басқа асыраушысы жоқ екенін апелляциялық шағымда көрсеткенін айтты.
Митинг өтпесе, оған қалай қатысады?
«Бізде балалар құқығын қорғау туралы комитет бар. Аружан Сайнның орнына келген Динара Болатқызы бар. Оларға хат жолдадым. Олар Оқу-ағарту министрлігінде балалардың құқығын қорғау туралы комитетке және прокуратураға хат жіберді. Енді солардан жауап күтіп отырмыз», – деді адвокат.
Оның пікірінше, Бас прокуратура заңсыздықты көрсе, өздері қарсылық білдіруге тиіс. Сонымен қатар Мейірман Шекеев Бақыт Реймованы жауапқа тартуға ешқандай негіз де, дәлел де жоқ екенін айтып отыр.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 10-бабына сәйкес, кінәсіздік презиумциясы деген ұғым бар. Оның кінәлі екенін құқық қорғау органдары дәлелдеу керек. Әкімшілік құқықтық материалдарда ешқандай дәлел жоқ. Оған заңсыз митингке қатысты деген айып тағылып отыр. Талғар ауданында заңсыз митинг өтті дегенді қай жерден көрдіңіздер? Ондай ақпаратта тараған жоқ. Митинг өтпесе, оған қалай қатысады? Логикаға қайшы нәрсе», – деп таңырқады адвокат.
Заңгердің сөзіне қарағанда, заңсыз митинг болса, жергілікті атқару органдарының өкілдері келіп ескерту жасайды. «Жиналғандарыңыз заңсыз. Тараңыздар» дегендей. Содан кейін жиналғандар бағынбаса, осы бап қолданылады. Адвокаттың айтуынша, мұндай ескерту болмаған, сондықтан оны әкімшілік жазаға тартудың өзі заңға қайшы.
Бақыт – азаматтығы жоқ тұлға
«Бақытты елден шығарып жіберуге де құқығы жоқ. Өйткені ол белгілі бір мемлекеттің азаматы емес. Азаматтығы жоқ тұлға. Елден шығаратын болса, қай мемлекеттің азаматы болса, сол жаққа шығарады. Бақыт Ресейде туылған. Соны негіз етіп Ресейге шығаруы мүмкін», – дейді адвокат.
Заңгердің пікірінше, бұл үшін Ресейдің келісімі керек. Хаттама толтырылады. Бірақ бұл ел де оған азаматтық бермеуі әбден мүмкін.
«Сот шешім шығарған кезде бұл жайттарды зерттемеген, зерделемеген. Астарында саяси нәрсе бар секілді. Біздің уәждеріміздің ешқайсысына құқықтық баға берілмеген», – дейді адвокат.
Бала құқығы бұзылып отыр
Мейірман Шекеев әріптестерімен бірге халықаралық шарттарды, 1989 жылы қабылданған БҰҰ-ның бала құқығы туралы конвенциясын сотқа көрсеткен. Бұл конвенция бойынша бала мен ананы ажыратуға болмайды. Қазақстан мұны міндетіне алған.
«Бұған қарамастан, осындай шешім шығарып жатыр. Ол – этникалық қазақ. Қазақстанда этникалық қазақтардың мәртебесі жоғары. Оларға жеңілдетілген азаматтық беру тәртібі де бар. Қандас туралы құжат та бар. Уәжімізге ештеңе жазбаған, тарсылдатын ұра салған», – дейді адвокат.
Адвокат заңның қазақ және орыс тілдерінде алшақтық бар екені көрсетіп отыр.
KurdivMedia-ның «Бақыт Реймованы елден шығарған кезде кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді ме, ол да анасымен қоса елден шығарыла ма?» деген сауалдарға Алматы облыстық сотына «нақты ақпарат жоқ» деп қысқа қайырды. Сот мұны полиция департаментінен сұрауға, ал полиция департаменті соттан сұрауға кеңес берумен шектелді.
Мейірбек Реймов президентке үндеу жасады
Айта кету керек, Талғарда бір топ адамның қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реимованың кәмелетке толмаған баласы Президентке үндеу жариялады.
«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Мен Реймов Мейірбек Бақытұлымын. Реймова Бақыттың баласымын. Менің анамды сот 15 тәулікке қамап, ел аумағынан шығаруға үкім шығарған болатын. Реймова Бақыт менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелетке толмаған баламын. 11-сыныпта оқимын. Анамның менен басқа ешкімі жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын», – деді Реймов Мейірбек.
Оның айтуынша, анасының Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ.
«Біз – қазақпыз. Анам да, мен де – қазақ. Өзімнің елім үшін қызмет еткім келеді. Сот анамды Қазақстан аумағынан шығаратын болса, анамды мен бес жылға дейін көре алмаймын. Анам да бес жыл мені көре алмайды. Бұл үкімді өзіңіз қарауыңызды сұраймын», – деді Бақыттың баласы.
Бақыт қашан ұсталды?
Айта кету керек, Шерзат Полаттың қазасынан кейін екі айдан кейін, Нұрқанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қаза болды. Полиция оның өзіне-өзі қол салғанын, туыстарына қоштасу хабарламасын жібергенін жария етті. Отбасы мүшелері бұл нұсқаға сенбейді. 10 желтоқсанда Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін, Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні және сол аймақта Талғар полиция қызметкерлерін көргенін айтып, олар отырған көлікті тауып беруді талап еткен. Полиция көлігінің дөңгелегін жарып, өзіне қол салуға ұмтылды. Жаназа күні Қаржаубай Нұрымов және оның бір топ туыстары ұсталып, жазаға тартылды. Сот Бақыт Реймованы да 15 күнге қамауға және шетел азаматы ретінде елден шығаруға үкім шығарған болатын.