Семейде шырша орнатуға көмектескен мұғалім биіктен құлады: Министр заң талабы бұзылды деп санайды
Семей қаласында орталық алаңда шырша тұрғызуға жәрдемдескен мұғалім Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогты жұмысқа тартуды заң бұзушылық деп атады.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын», – деп жазды министр.
Ведомство басшысы тексерістің тиянақты жүргізілуін талап етті.
«Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін», – деді Бейсембаев.
Министр «Педагог мәртебесі туралы» заң талабын органдар бұзбауы керек деп санайды. Осыған байланысты білім басқармалары мен бөлім басшыларына заңға сәйкес жұмыс істеу керек екенін ескертті.
«Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды», – деді Ғани Бейсембаев.
Семейде болған оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Желіні қолданушылрдың бірі 1993 жылғы жігіт Қуат Айтқалиевтің жазушы ретінде де танымал болып келе жатқаны туралы жазған.