Жапаров молдаларға жалақы тағайындау арқылы жат ағымдағы қырғыздарды түзу жолға салмақ

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жапаров Қырғызстанда молдаларға жалақы тағайындады
Жапаров Қырғызстанда молдаларға жалақы тағайындады / Фото: Қырғызстан президентінің әкімшілігі

Қырғызстанда 2025 жылдың наурыз айынан бастап мешіттегі діни қызметкерлерге қайырымдылық қорына түскен қаржыдан жалақы төленеді.

Бастапқыда жалақы 8 мың сом (48 мың теңге) болса, жыл соңына дейін 20 мың сом (120 мың теңге) болады деп жоспарланған. Бұл туралы «Кабар» мемлекеттік арнасына сұхбат берген ел президенті Садыр Жапаров айтты.

«Бұл қаражат бюджеттен болмайды. Бұған дейін Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы назар аудармаған дереккөздер бар. Бұл дереккөздерді мешіттердің, дәлірек айтқанда имамдардың қызметін дамытуға бағыттағымыз келеді. Зайырлы мемлекет ретінде дінге араласпаймыз, ал дін қайраткерлері саясатқа араласпайды. Осыған байланысты республикалық бюджеттен қаражат бөле алмаймыз», – деді Жапаров.

Молдаларға төленетін жалақы қайырымдылық қорынан алынады. Қайырымдылық қорына арнайы шот ашып, оған төлем жасау үшін мешіттерде арнайы QR-жәшіктері орнатылады. Бұл жәшіктерді орнатуды мемлекет өз мойнына алмақ.

Президенттің сөзінше, молдаларға қолдау көрсету арқылы мемлекет өзге ағымда жүрген азаматтарды Ханафи масхабына қайтаруды көздейді.

«Молдалар басқа ағымдарға кеткендерді тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттайды. Ханафи масхабына қайтарады. Бөлінген барлық ағым тәртіпке келеді. Біз бір халықпыз, бірақ 15-20 ағымға бөліндік. Бұл қауіпті», – деді Жапаров.

Сондай-ақ оқыңыз