Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 75 жасқа дейін ұзарды

Жарияланды
Өмір сапасы
Қазақстандықтардың өмір жасы ұзарды/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өмір сапасы индексінің көрсеткіштері бойынша 2023 жылы Қазақстанда жақсарту байқалды. Бұл индекс Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЕЭЫДҰ) әдістемесі бойынша жасалады.

Өмір сапасы индексінің көрсеткіштер жүйесінде бірнеше әл-ауқат индикаторлары бар. Соған қарап ЕЭЫДҰ ел дамуы процесіне баға береді. Даму процесі деп тек материалдық немесе экономикалық әл-ауқат өзгерісін ғана емес, адам потенциалының кеңеюін де айтады.

Мәселен «Тұрғын үй жағдайы» аспекті бойынша төмендегі индикатор бойынша оң өзгеріс байқалған:

  • Үй шаруашылығындағы жалпы шығындар үлесінде тұрғын үйді ұстауға жұмсалатын қызметтер шығыны азайған (2020 жылы 12,1%-дан 2023 жылы 11,1%-ға)
  • Орталық  кәріз жүйесімен жабдықталмаған тұрғын үй үлесінің төмендеуі  тіркелді (2020 жылдағы 11,6%-дан 2023 жылғы 9,5%-ға). Ал бір адамға арналған бөлме саны өзгермей, 0,8 бөлме деген көрсеткіште қалды.

Ал «Білім беру» деген сектор бойынша балалардың оқу үлгерімі жақсарғаны байқалды. Нақты айтқанда, 15 жастағы оқушылардың орташа үлгерімі (PISA білім беру рейтингі бойынша математика, жаратылыстану және оқу сауаты деген көрсеткіштер) 2018 жылдағы 402 баллдан 2023 жылы 411 баллға көтерілген.

«Денсаулық» деген сала бойынша атап өтетін нәрсе – өмір жасының ұзаруы. 2020 жылда елдегі орташа өмір жасы 71,37 болса, 2023 жылы 75 жасқа дейін ұзарған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 75 жас соңғы 25 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болған.  Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 2020-2021 жылдары пандемия кезінде төмендеп, кейін ақырындап қалпына келген.  Ал  2021 жылы Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы 2019 жылмен салыстырғанда 4,2 жылға қысқарып, 69,4 жасты құрады, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіштен 10,4 жылға аз.

Бюро мәліметіне сүйенсек, ауылдық жерде тұрған адамдар (75,73) қала тұрғындарына (74,02) қарағанда ұзақ өмір сүреді.

Сондай-ақ оқыңыз