Кейінгі 30 жылда Қазақстан экономикасының құрылымы қалай өзгерді

Жарияланды
Кейінгі 30 жылда Қазақстан экономикасының құрылымы қалай өзгерді/иллюстрация: Илья Ким

Қазақстанның аграрлық-индустриялық экономикасы кейінгі 30 жылда біртіндеп күрделеніп, көбінесе аралас құрылым ретінде сипатталатын деңгейге жетті. Алайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің негізгі бөлігін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай өнеркәсіп, сауда, құрылыс және көлік салалары құрап отыр.

Жалпы экономика

1991 жылдан бері Қазақстан экономикасының орташа өсім қарқыны 2,9%-ды құрады. Бұл дамушы елдер үшін аса жоғары көрсеткіш болмады. Алайда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне сай келеді. Айырмашылығы – дамыған елдерде бұл өсім тұрақты болса, Қазақстан бірнеше дағдарыс пен өрлеу кезеңдерінен өтті.

1990 жылдары жалпы ішкі өнім өсімі қазіргі терминологиямен айтқанда «теріс» мәнде болды. 1991-2000 жылдар аралығындағы 10 жылдың алтауында ЖІӨ жылдық мәнде төмендеді. Ең үлкен құлдырау 1994 жылы тіркелді (-12,6%). Ал 2000 жылы экономика алғаш рет жоғары қарқынмен өсті (+9,8%). Орташа көрсеткіш -3,4% деңгейінде қалыптасты.

Келесі онжылдықта (2001-2010) қалпына келтіру өсімінің қарқыны бүгінгі бақылаушыны таңдандыруы мүмкін. Орташа жылдық өсім 8,3%-ды құрады, ал ең жоғары көрсеткіш 2001 жылы тіркелді – 13,5%. Тек 2008 және 2009 жылдары жаһандық дағдарыстың әсерінен ЖІӨ өсім қарқыны 5%-дан төмен түсті (сәйкесінше 3,3% және 1,2%).

2011-2020 жылдар аралығында бірнеше қиын кезең орын алды. 2015 және 2016 жылдары мұнай бағасының құлдырауы салдарынан экономиканың жылдық өсімі тиісінше 1,2% және 1,1% деңгейінде қалды. Ал 2020 жыл коронавирус пандемиясына байланысты локдаундар әсерінен Қазақстан экономикасында 20 жыл ішінде алғаш рет құлдырау (-2,5%) тіркелген жыл болды.

Салалық құрылым

Қазақстанда ЖІӨ есептеудің негізгі әдісі – өндірістік әдіс. Бұл әдіс ел аумағында қанша өнім өндірілгенін көрсетеді. Яғни жалпы қосылған құн әрі одан өнімге салынатын салықтар мен субсидиялар алынып тасталады. Бұл әдістің танымал болуының басты себептері – кеңестік дәуірден қалған инерция және экономиканы басқару моделінің түбегейлі өзгермеуі. Кеңес Одағында салаларды дамытуға жауапты министрліктер осы салалар бойынша статистиканы қажет етті. Ал тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған ведомстволары өндірісті көбіне бақыламаса да, оларға қатысты салалардың табысы мен жетістіктерін өз нәтижелері ретінде баяндап отырды.

Кейінгі ҚазКСР экономикасы отандық тарих оқулықтарында «аграрлық-индустриялық» деп тектен-тек аталмаған. 1990 жылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы бірге ЖІӨ-нің 55%-ын қамтамасыз етті. Оның 34%-ы ауыл шаруашылығына, ал қалған 21%-ы төрт негізгі өнеркәсіп саласына (тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және сумен жабдықтау) тиесілі болды.

30 жылдағы өзгеріс

Келесі 30 жыл ішінде ауыл шаруашылығының ЖІӨ құрылымындағы үлесі біртіндеп азайды. 2000 жылға қарай оның үлесі 8%-ға дейін, 2010 жылы 5%-ға төмендеген. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4%-ға дейін қысқарды.

Керісінше, өнеркәсіптің үлесі артты. 2000 жылы бұл мегасектор ЖІӨ-нің 33%-ын қамтамасыз етті. Бұл өсім тау-кен өндірісі секторының үлесінің 1998-2000 жылдар аралығында 8%-дан 13%-ға дейін өсуімен байланысты болды. Кейінгі жылдары өнеркәсіптің экономикадағы үлесі 26-30% аралығында болды. Оның ішінде тау-кен өндірісі мен өңдеу секторының үлесі шамамен бірдей – ЖІӨ-нің 12-13%-ы. Ал құрылыс секторының үлесі 30 жыл ішінде 12%-дан 6%-ға дейін төмендеді.

Таңғаларлық өзгеріс – сауда секторының өсуі. 1990 жылдардың басында оның ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 8% болса, 2023 жылы 18,2%-ға жетті. Бұрын мемлекет монополиялаған сауда секторы экономиканың жетекші қызмет көрсету саласына және басты жұмыс берушілердің біріне айналды. Нарыққа өту нәтижесінде «жылжымайтын мүлік операциялары» секторы пайда болды. Оның үлесі әртүрлі кезеңдерде ЖІӨ-нің 6%-дан 16%-ға дейінгі бөлігін құрады. Ең жоғары көрсеткіштер 2004-2009 жылдардағы жылжымайтын мүлік нарығындағы «көпіршік» кезінде тіркелді.

1990 жылы экономикадағы алты негізгі сектор ЖІӨ-нің 83%-ын құраған. 2023 жылы олардың үлесі 68%-ға дейін төмендеді. Тауар өндіру және қызмет көрсету секторларының арақатынасы 67:33-тен 39:61-ге ауысты. Бұл көбінесе дәстүрлі секторлардың (сауда, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, HoReCa) қызмет ауқымының кеңеюіне және жаңа салалардың (мысалы, бағдарламалық қамтылым өндірісі) пайда болуына байланысты болды.

Маңызды ескерту: экономика салалары бойынша мәліметтер әрдайым толық салыстырмалы емес. Өйткені 30 жылда экономикалық қызмет түрлерінің жіктемесі кемінде үш рет өзгертілді. Соған байланысты секторлар арасында ішкі түзетулер жүргізілді. Алайда базалық секторлардың мазмұны түбегейлі өзгермеген, тек жаңа өндірістік қызмет түрлерінің пайда болуы есебінен сапалық өзгерістер болды.

Түпкілікті тұтыну құрылымы

ЖІӨ-ні түпкілікті пайдалану бойынша есептеу (ел аумағында қанша қаржы жұмсалғанын көрсететін әдіс) әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдістердің бірі болғанымен, Қазақстанда аса танымал емес. Алайда бұл әдіс экономиканың өсу немесе құлдырау табиғатын көрсетеді. Экономикадағы негізгі сегменттердің (үй шаруашылықтары, мемлекет немесе компаниялар) нәтижеге қалай әсер ететінін тұтыну, жинақтау немесе инвестициялау арқылы анықтайды. Таза экспорт көрсеткіші (ақшалай мәндегі экспорттан импортты алып тастағанда) ұлттық экономиканың тұтыну немесе инвестициялар тұрғысынан сыртқы секторға қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді.

30 жылда экономиканың негізгі акторы халық болып келді. Экономикалық құлдыраудың ең терең кезеңінде (1994 ж.) үй шаруашылықтарының тұтынуы ЖІӨ-нің 75%-ына тең болды. Ал 2000 жылдардың соңында республикадағы инвестициялық бумның аясында 40%-ға жақындады. Кейінгі жылдары 50%-ға жуық деңгейде тұрақтанды. Мемлекеттік шығындар отыз жылда құрылымдық өсім көрсеткен жоқ – олар ЖІӨ-нің 8-15% деңгейінде болды. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төменгі шекке – 8%-ға жақындады.

1990 жылдардың басында жалпы жинақтау рекордтық көрсеткіштерге жетті. 1991 жылы оның көлемі ЖІӨ-нің 47%-ына бағаланды және 1996 жылға дейін 20%-дан төмен түспеді. Осы кезеңде экономика құрылымдық трансформациядан өтті. Кейбір экономикалық қызмет түрлері тоқтап немесе таратылды. Ал олардың негізгі құралдары жаңа меншік иелерімен пайдаланылды. Сонымен қатар Қазақстанда социализмнің соңғы ірі құрылыстары (мысалы, Екібастұз ГРЭС-2) аяқталды. Жаңа жобаларға (Теңізді игеру сияқты) салынған инвестициялар ұлттық экономика ауқымына қарай жеткілікті түрде ірі болды. Естеріңізге сала кетейік, 1995 жылы Қазақстанның ЖІӨ-і долларлық мәнде бар болғаны 20 млрд АҚШ долларын құрады.

Тұтыну мен жинақтау

Тұтыну мен жинақтаудың жоғары көрсеткіштері үлкен импорт есебінен қамтамасыз етілді. 1991 жылы таза экспорт рекордтық теріс көрсеткішке жетті (–23%). Бұл көрсеткіш 2000 жылдардың басына дейін теріс болып қалды. Содан кейін мұнай өндіру мен экспорттың ұлғаюы нәтижесінде экспорт импорттан асып түсті. 2008 жылы таза экспорт ЖІӨ-нің 20%-ын құрады. 2023 жылы ол кейінгі 10 жылдағы өзіне тән орташа деңгейге – ЖІӨ-нің 7%-ына жақын қалыптасты.

Түпкілікті пайдалану әдісі кезінде ЖІӨ құрылымының деректерін сақтықпен қолдану қажет. 1990 жылдары олар өндірістік әдіспен есептелген ЖІӨ-мен айтарлықтай айырмашылықтарға ие болды (айырмашылық ЖІӨ-нің 12,5%-ына дейін жетті). Тек кейінгі бірнеше жылда ғана статистикалық алшақтықтар айтарлықтай төмендеп, бірнеше пайыз деңгейінде қалыптасты.

Сондай-ақ оқыңыз