Сот Алматы облысында ресейлік «Детский мир» дүкенінің жұмысын бір жылға тоқтатты
Алматы облысы Қарасай аудандық соты ресейлік «ДМ капитал» компаниясына тиесілі «Детский мир» дүкенінің жұмысын бір жылға тоқтатты. Бұл туралы сот кабинетінде жария болған үкімде жазылған.
Сот шешіміне сәйкес, Қарасай ауданы Іргелі кентіндегі «Молл Апорт» сауда орталығында орналасқан «Детский мир – Қазақстан» дүкені бір жылға жұмысын тоқтатып, 369 200 теңге айыппұл төлеуі қажет.
Істің мәні
Орақбаев А. есімді Қазақстан азаматы 2024 жылы 15 қазанда дүкеннен 13 390 теңгеге етік сатып алады. Кейін тауардың таңбасын оқи алмайды. Яғни QR-кодтың қате екенін және өнім туралы мемлекеттік тілде ақпарат жоғын байқап, сотқа шағымданады. Компания тауардың сапасы туралы қате ақпарат бергені үшін «Тұтынушылар құқығын» бұзды деп айыпталған.
Компания туралы
Ашық деректерге сүйенсек, «Детский мир – Қазақстан» дүкенінің негізгі құрылтайшысы – «ДМ капитал» атты акционерлік қауымдастық. Бұл компанияның құрылтайшылары туралы қазақстандық дереккөздерде ақпарат жоқ. Ресейлік деректерге сүйенсек, «ДМ капитал» компаниясы 2022 жылы атауын «ДМК» деп өзгерткенімен оның иесі (Мария Давыдова есімді Ресей азаматы) өзгермеген.
«Детский мир – Қазақстан» біздің елде тіркелген 2015 жылдан бері Қазақстанда 33 млрд теңгеден астам салық төлеген. Ал оның құрылтайшысы «ДМ капиталдың» Қазақстанда салық төлегені туралы ақпарат жоқ.