Бірнеше рет аукционға шығарылған Қостанай әуежайын сатып алатын инвестор табылмады
Бұған дейін 3 рет аукционға шығарылған Қостанай халықаралық әуежайы сатылмайтын болды. Өйткені оған инвесторлар қызығушылық танытпаған. Бұл туралы Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинге мәлімдеді.
Әуежайды сатып алатын инвестор жоқ
Қостанай халықаралық әуежайы жекешелендіру жоспарына 2020 жылы енгізілген. Қостанай әкімдігі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайының» 49% акциясын сатып алу құқығымен сатуға ниеттенген. Бастапқы кезде 4,7 млрд теңгеге сатылымға шығарылған акциялар соңғы рет аукционға 1,2 млрд теңгеге қойылған. 19 желтоқсанға жоспарланған аукцион өтпеген. Себеп – инвесторлардан өтініш түспеген.
Енді әуежай мемлекет меншігінде қалмақ. Облыс әкімі әуежай қызметін жалғастыратынын айтты.
«Басқа сауда-саттық болмайды, әуежай коммуналдық меншікте қалып, жұмысын жалғастырады. Ең дұрысы осы болады», – деді Ақсақалов.
Әкімнің айтуынша, әуежайдың 800 шаршы метрге тең бір бөлігі ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай келген. Енді қалпына келтіріліп, халықаралық әуе рейстері ұшатын болады.
Әкімдік әуежайдың 49% үлесін 5 жыл сенімгерлік басқаруға беруге ниеттенген. Инвестор кейіннен сатып алу құқығына ие болады. Сол бес жылда әуежайдың қызмет бейінін, штат қатарын сақтауы тиіс. Одан бөлек, өз қаржысына әуежай аймағында жүк қоймасы мен халықаралық терминал салуы керек.Сатып алушыға Boeing 747, Airbus 330 сынды ұшақтарды қабылдайтын жасанды ұшу-қону жолағын 2800 метрден 3200 метрге дейін ұзарту талабы қойылған еді.