Жинаған ақшаңызды инфляция «жеп қоймас» үшін нені ескеру керек?

Жарияланды
Инфляция деген не?/коллаж kursiv.media, бильд-редактор

Ақша құнсызданып барады дегенді жиі естиміз. Сапасы сол күйі қалса да, тауарлар мен қызметтер бағасы жыл санап өсіп жатыр. Мұны экономикада «инфляция» деп атайды. Былайша айтқанда, нан қазір 120 теңге тұрса, келесі жылы 130 теңге тұруы мүмкін. Дәмі де, наубайханасы да, құрамы да дәл сол нанның бағасы осылай шарықтай берсе, демек инфляция болып жатыр деген сөз. Әрине бір ғана тауардың бағасына қарап жылдық инфляцияны анықтау мүмкін емес. Бірақ айқын мысал ретінде осылай түсіндіруге болады. Инфляция депозитте не үйде сақтап жүрген жинағыңызды жеп қоймауы үшін не істеу керек? Осы туралы айтайық.

Инфляция деген не?

Белгілі бір уақыт аралығындағы «тұтынушы себетіндегі» тауарлар құны қаншалықты өзгергеніне қарап, тұтынушы бағаларының индексі есептеледі. Сол индекске қарап халықтың жай-күйі де белгілі болады. Көбіне экономистер тұтынушы бағаларының деңгейін мына кезеңдермен салыстырып қарайды:

  • Өткен аймен салыстырғанда;
    • Былтырғы дәл осы аймен салыстырғанда;
    • Былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда;
    • Өткен аптамен салыстырғанда. 

Апталық не жылдық өсім қарқынынан бөлек, инфляция мөлшеріне қатысты да болжамдар жасалады. Яғни болашақта инлфляция қандай көлемде болуы мүмкін екені анықталады. Мәселен азық-түлік бағасы өсіп жатқанын көргенде тұрғындар «осыдан да қымбаттап кетпей тұрғанда көптеп алып қояйық» деген оймен сөрелер босағанша ала бастайды. Сұраныс артып жатқанын байқаған өндірушілер бағасын қымбаттатады. Осылайша шын мәніндегі бағаға инфляциялық болжам осылай әсер етеді. Бұған қоса өндірістік инфляция деген бар. Бұл дегеніміз —  әр түрлі кәсіпорындарда өндірілген шикізат, материалдар мен тауарлардың бағасы өсіп кетуі. Өндірушілер бағасының индексін пайызбен көрсетеді. Ол арқылы өнеркәсіп тауарларын өндіретіндердің бағаны қалай құбылтқанын көруге болады.

Келесі бір аса маңыздысы — инфляцияның шынайы көрінісі. Яғни тұтынушыларға бағаның өскенін шын мәнінде қалай сезідетінін көрсетеді. Әдетте мұндағы көрсеткіш ресми статистикадан басқаша болып шығады. Екеуінің арасындағы айырмашылық әжептәуір болуы әбден мүмкін. Өйткені әр адамның табыс деңгейі әр түрлі. Сәйкесінше, шығыны да бірдей болмайды. Айталық, біреу денсаулығына аса көп қаражат шығаруы мүмкін. Енді бірі үйді қымбатқа жалға алады, болмаса оқуына көп ақша кетеді дегендей. Мұндайда тұтынушы себетіндегі орташа көрініс бәріне бірдей сәйкес келмейді. Одан қала берді түркістандықтардың күн көріс деңгейі мен ақтаулықтардың деңгейі бірдей болмайды дегендей. 

Қазақстанда тұтынушы себетіне не кіреді?

Адамның аштан өлмей, денсаулығына зиян келмейтіндей деңгейде күн көруіне жететіндей шама минимум күн көріс деңгейімен есептеледі. Себетке кіретін тауарларды Ұлттық экономика министрлігі тізім қылып бекітіп қойған. Қазір 2016 жылғы тізім бойынша жасақталып жүр. Мұнда ғылыми негізделіп, физиологиялық нормалар ескеріле отырып анықталады. Яғни бір жылда бір адам жеуі керек, тұтынуы керек азық-түлік мөлшері есептеледі. Қазақстандық себетте 64 азық-түліктің тізімі бар. Мәселен қара бидайдан жасалған нан  жылына — 25 кг; қарақұмық  жылына – 7,4 кг; көкөністер — 149 кг/жыл; жеміс-жидектер — 132 кг/жыл; ет, ет өнімдері – 78,4 кг/жыл; сүт, сүт өнімдері – 301 кг/жыл; қант, кондитерлік өнімдер — 33 кг/жыл.  

Ең төменгі күн көріс деңгейі шамасындағы кей азық-түлік күнде желінбейді. Айталық, тізім бойынша жасалған нормада жылына 265 дана жұмыртқа жеу керек делінген. Болмаса, күніне 0,5 стакан сүт немесе жылына 45 литр ішу керек деп көрсетіледі. Норманың ішінде ерлер мен әйелдер, әр түрлі жастағы адамдарға әр түрлі есеп жасалады. Ең қажет деген азық-түліктер тізімінде тағамның энергетикалық құндылығы, бір тәулікте қанша жеу керегі де есепке алынады. Байқасақ, халықтың басым бөлігі жалақысының едәуір бөлігіне азық-түлік алады. Ол тұтынушы себетінің шамамен 40 пайызындай болады. Оған қоса тур не көлемді тұрмыстық техника алатындардың саны тым аз. Сондықтан бұл санатта баға ақыры өседі. Жоғарыда айтқан ресми статистика мен шынайы инфляцияның арасындағы айырма осындайда байқала түседі.  

Инфляция тым жоғары болса, оның салдары қандай болады?

Инфляция өскеннің үстіне өсе береді. Адамдар мен компаниялар ақша құнсызданып бітпейінше тезірек жаратып үлгеруге ұмтылады. Соның кесірінен экономикада ақша көбейіп, баға өсе түседі. Ал валютаның сатып алатын қабілеті осылай құлдырай береді.

Тұрғындардың шынайы табысының деңгейі төмендейді. Инфляция шарықтаған кезде тұрғындардың сатып алу қабілеті түсетіні белгілі. Табысы белгілі бір деңгейде бекітілген адамдар (айталық, зейнеткерлер) бір жыл бұрын алған сомасына сол тауарларды ала алмайды. Тіпті қанша жерден жалақысы да өсіп жатқан адамдардың өзіне тауардың шынайы өсіміне іле алмай қалып жатады. 

Кредиттер мен салымдардың мөлшерлемесі өседі. Маңызды мөлшерлеме өскендіктен тұрғындар мен бизнес үшін берілетін кредиттер де қымбаттайды. Демек, орта есеппен алып қарағанда тауар мен қызметтерге сұраныс төмендеуі мүмкін. Оған қоса салымдардың да пайыз мөлшерлемесі өседі. Мұндайда Ұлттық банк тұрғындар мен бизнестің көп ақша жаратуды қойып, қаражатын жинақ қылып банкке салады деген оймен өсіреді.

Экономика тоқтаңқырап қалады да, жоспарлау қиындайды. Инлфяция жоғары болған кезде шығындарды жоспарлау оңай емес. Сондықтан адамдар ақшаны жинағаннан гөрі жаратқанды құп көруі мүмкін. Ал компаниялар инвестиция жасай алмай, қазіргі қызметін жалғастыра береді. Түптің түбінде өндірушілер тауарларға қандай сұраныс болатынын болжай алмай, азырақ тауар шығарады. Кредиттердің мөлшерлемесі өскен соң тауар өндіргенде өзін ақтауы да қиындайды. Бірдеңе шығарғаннан алып сатқан оңай болып көрінеді. Осылайша экономика дамымай, бір орында тұрып қалады. 

Жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді. Инфляция өсіп жатқанда экономика жылдам қарқынмен өседі. Жұмыссыздық төмен болса, компанияда кадр тапшылығы сезіле бастайды. Мұндайда жұмыс берушілер қызметкерлеріне жалақы көтеруге мәжбүр болады. Бұл болса, шығынды көбейтеді. Әрі тұтынушыға жететін тауардың құнын да қымбаттадады. Яғни ұзақ мерзімді алып қарайтын болсақ, инфляция жоғары болса іскерлік қабілет төмендеп, кәсіпорындарды жабылып, қызметкерлер қысқара береді. 

Ұлттық валютаны құнсыздандырады. Инфляция өссе, ұлттық валютаның курсы да төменге қарай құлдырайды. Бұл жағдайда басқа елден көп тауар импорттайтындар елдер шетелден келетін тауарларға көбірек төлеуге мәжбүр болады.

Инфляцияны қалай реттейді?

Инфляция қарқынын әлсіретіп не күшейту үшін мемлекет бірнеше тәсілді пайдаланады. Олардың біразы экономикада қаражат болу деңгейімен тікелей байланысты. Соның ішінде негізгі құралдың бірі —  негізгі мөлшерлеме. Сол мөлшерлемені өсіру арқылы кредиттерге сұранысты азайтып, оның орнына ұлттық валютада жинақ сақтауға шақырады. Осылайша ақша жарату қарқыны азайып, жұмсағаннан жинаған артық болып көрінеді. Бұдан бөлек, инфляцияны төмендету үшін мынадай тәсілдер қолданылады:

  • Айналымдағы ақшаны азайтады;
    • Ақша легіне бақылау орнатады;
    • Әлеумет үшін маңызды тауарлардың бағасын өсірмей, қадағалайды;
    • Жекелеген компанияларға жеңілдік жасап, қаржыландырады;
    • Салықты көтереді;
    • Мемлекет әлеуметтік шығындарды азайтады.

Жинап жүрген ақшаңызды инфляция қалай құнсыздандырады?

Мысалы сіз үй алу үшін бастапқы жарнаға ақша жинап жүрсіз делік. Сөйтіп өзіңізге керек 3 миллион теңгені 2 жылда жинаймын деп мақтап қойдыңыз. Ол соманы жинау үшін айына қаншадан алып қою керегін есептейік: 3 000 000 / (2 * 12) = 125 000 теңге. Демек, айына осынша соманы жинап отырсаңыз, екі жылда өзіңізге керек қаражатты жинай аласыз деген сөз. Бірақ сол екі жылда жағдай қандай болады? Есеп бойынша 24 айдан кейін сіз расында 3 миллион теңге жинайсыз. Бірақ арада өткен уақытта жылжымайтын мүлік бағасы да өзгеріп кетеді. Осылайша бұрын бастапқы жарна 3 миллион болса, енді 3,5 миллион теңге болып кетуі мүмкін. Осыған қарап, экономиканың сіздің ақшаңызды қалай «жеп» қойғанын көруге болады.

Әлеуметтік желіде болсын, баспасөз беттерінде болсын бірнеше жыл бұрынғы түбіртекті сақтап қойып, биылғы бағамен салыстыратын тәжірибе көп жасалады. Мысалы 2020 жылы белгілі бір азық-түлікті 50 мың теңгеге алсаңыз, биыл дәл сол тауарларды одан әлдеқайда қымбатқа аласыз. Кей позициялар қатты қымбаттап кеткенін көресіз. Енді бірі тіпті арзандауы да ғажап емес. Кейбірі мүлдем өзгермейді дегендей.

Енді мұндайда қайтпек керек? Сіздің әлгі жинаған 3 миллион теңгеңізді 24 ай бойы басқа жаққа салсаңыз, инфляцияға желінбеуіңіз де мүмкін еді. Оған көмектесетін құралдар да бар. Бірақ инвестицияны қысқа емес, ұзақ мерзімге деп қарастырған адам ғана ұтады. Сондықтан құнды активтерге салып қойсаңыз, ақшадан желінбей, қайта молайтасыз. Тұрақты түрде инвестиция салып жүргенде өзіңізге баспана алып, балаларыңыздың жоғары білім алуына мүмкіндік беріп, ата-аналарыңызға көмектесіп, жұмысқа байланбай пассив табыстан пайда көріп отырасыз.    

Инфляциядан қорғанатын стратегиялар

  1. Акциялар сатып алып, инвестиция жасау. Компаниялардың акциясын алсаңыз, ол инфляциядан әжептәуір қорғайтын құралға айналады. Жалпы алғанда ұзақ мерзімге алып қарастырғанда акциялар өте жақсы табыс әкеледі. Оның табысы инфляция деңгейінен бірнеше есе көп болады. Дегенмен қандай акция алатыныңызға байланысты. Бір күнде ақшадан айырылмас үшін қоржынды диверсификациялап отыру керек. Яғни бір компанияның акциясын ала бермей, әртараптандырып отырмаса өте қауіпті. Әрі таңдаған компанияңыз өте сенімді, болашақта қарқынды дамитындай болуы керек. 
  2. Жылжымайтын мүлік сатып алу. Бұл өте дәстүрлі тәсілдің бірі деп саналады. Инфляциядан қорғайды. Себебі әдетте жылжымайтын мүлік бағасы инфляциямен қатар өсіп отырады. Ал жалға бергеннен түсетін табыс бағаның өсу қарқынынан асып түсуі мүмкін. Бұл ретте баспаналы болу үшін бастапқы жарна көп керек болады. Ал оның өтімділігі болса, басқа құралдарға қарағанда азырақ болуы ғажап емес. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек.
  3. Облигациялар мен мемлекеттік құнды қағаздар сатып алу. Консерватив ойлайтын инвестор болсаңыз, онда облигациялар мен мемлекеттік құнды қағаздарды алсаңыз болады. Өйткені ол бекітілген бір табыс әкеліп отырады, тұрақты. Оның деңгейі инфляцияға қарай индекстеліп отырады. Бірақ облигациялар акция не жылжымайтын мүлікпен салыстырғанда азырақ табыс әкеледі.
  4. Инвестициялық қорлар мен ETF. Пайлық инвестициялық қорлар (ПИФ) мен биржада сатылатын қорларда (ETF) диверсификацияланған қоржындар болады. Оларды кәсіби мамандар бақылап, басқарып отырады. Енді бастап жатқан инвесторларға осы әдіс жақсырақ. Өйткені жинақтарыңызды инфляциядан жақсы қорғайды. Әзірге тәжірибесі жоқ адамдарға арналған құрал десек болады.  
  5. Алтын мен басқа да қымбат металдар. Бұрыннан келе жатқан сенімді тәсілді бірі дей аламыз. Инфляция шарықтап, экономика тұрақсыз болып жатқан кезде алтын мен қымбат металдар қорғаныш активі болады. Сондықтан инвестициялық қоржыныңызға қосымша қылып ұстауға кеңес береміз. Кейінгі айда алтын бағасының өскенін жақсы білетін боларсыздар.
  6. Криптовалюталар. Биткоин секілді криптовалюталар инфляциядан қорғайтын құралдардың бірі бола алады. Бірақ бұл жерде тәуекелдің де жоғары екенін ескеру қажет. Бұл құралға ақша салмас бұрын бәрін жақсылап түсініп, таразылап алмасаңыз болмайды.  
  7. Білім не кәсіби даму үшін инвестиция салу. Өзіңіздің дамуыңызға ақша салсаңыз да ұтылмайсыз. Кәсіби мансап жолында өсуіңізге жол ашатындықтан, мұны да қорғаныш тәсілі деп қарастыра аламыз. Білікті арттырып, машығыңызды дамытқанда табысыңыз артатыны белгілі.
Сондай-ақ оқыңыз