Алматыдағы «Bek Air» ұшақ апатына қатысты тергеу ісі қайта басталуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әуекомпания қызметкері ұшақ апатына қатысы шағым түсірген / Фото: kursiv.media архиві

Бес жыл бұрын Алматы маңында апатқа ұшыраған «Bek Air» әуекомпаниясының ұшағына қатысты тергеу ісі қайта басталуы мүмкін. Бұл жайында Көлік министрі Марат Қарабев айтты.

Журналистердің сұрағына жауап беру барысында министр Қарабаев «Bek Air» әуекомпаниясының «Fokker-100» ұшағы апатқа ұшырауына қатысты істің аяқталғанын еске салды. Десе де бес жылға жалғасқан бұл атышулы апаттың тергеу ісі қайтадан жандануы әбден мүмкін.

 «Қазір әуекомпанияның бір қызметкерінен түскен шағым бар, оған сәйкес тергеуді қайта бастау туралы мәселе қаралуда», – деді Қарабаев мәжіліс кулуарында.

Ведомство басшысы тергеу барысын өзі қадағалап, назарда ұстайтынын айтады.

«Мұны біздің ведомствоның департаменті жасайды және бұл менің функционалдық міндеттерімнің бірі», – деп қосты министр.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты жайлы

Еске салсақ, 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады. Таңғы 07 :22 кезінде № Z2100 рейсті ұшақ көтерілу биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан, 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.

2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риелторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды. 

Антикордың елордалық департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Алматы қаласы əуеайлағының ұшуға жарамдылығы сертификатын 2018 жылы заңсыз берген деген айып тағылған. Ол 2019 жылы «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауына əкеп соққаны белгілі. Бұл туралы Бас прокуратураның депутаттық сауалға берген жауабында жазылған

Апатқа кім кінәлі?

Бес жылға жуық тергеуден кейін ІІМ «Bek Air» ұшағының апатына қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі деп санайды. Осыған дейін ІІМ «Курсивтің» ресми сауалына жауап берген еді. Министрліктің мәлімдеуінше, әуе кемесінің командирі және екінші ұшқыш іс бойынша күдікті деп танылған, олардың іс-әрекеттері ҚК-нің 344-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған.

Сондай-ақ оқыңыз