Toyota-ның Қазақстандағы дилеріне 88 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Қазақстандағы Toyota ресми дилері айыппұл арқалады/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласындағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-ны тергеуін аяқтады. Компания жаңа көліктер сатқан кезінде клиенттерге қосымша құрылғыларды мәжбүрлі түрде ұсынғаны үшін 88 млн теңге айыппұл салынды.

Департамент өкілдерінің мәліметінше, «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-ы сатылған автокөліктердің 82%-дан астамында көлікте болуы міндетті емес қосымша жабдықтар орнатқан.

«Ол жабдықтың құны 3 млн теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттар бойынша үстеме баға 200%-дан асып кеткен. Осылайша, жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде ұсыну тәжірибесі  қалыптасқан», – деп жазылған департамент мәлімдемесінде.

Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық сот жаңа көліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп сатқаны үшін компанияға 88 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл монополистік қызметтен түскен табыс көлемінің 5%-на тең.

Бірінші инстанция сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Екі жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің алматылық департаменті қаладағы ірі автодилерлердің антимонополиялық заңнаманы бұзғанын анықтады.  Департамент мәліметінше, олар жеңіл машина сату кезінде тұтынушыларға қосымша тауар мен қызметті де алуына итермелеген. 2022 жылы 27 маусымда компаниялар ондай заң бұзушылықты тоқтату туралы ескертпе берілген еді.

Toyota Tsusho Kazakhstan Auto – Toyotа-ның Қазақстандағы дилері. Қазақстан нарығында 20 жылдан аса жұмыс істейді. Ашық дереккөздерге сенсек, құрылтайшысы БИЗНЕС КАР атты кәсіпорын. 2002 жылы Ресейде тіркелген. Ресейде және Қазақстанда дилерлік орталықтары бар.

Сондай-ақ оқыңыз