Honda мен Nissan-ның бірігуі: ресми келіссөздер басталды
Автокөлік өндіретін жапондық қос алып – Honda Motor мен Nissan Motor бірігу туралы келіссөздерді бастағанын мәлімдеді. Егер де келісім жүзеге асса, бұлар сатылым көлемі бойынша әлемдегі үшінші ірі автокөлік өндірушіге айналуы мүмкін. Жапондық БАҚ-тың дерегінше, келісім 2025 жылдың маусымында аяқталады деп күтіліп отыр. Ал толық бірігу 2026 жылға жоспарланған. Екі алып та жаңа холдингтік компанияның тезірек қор биржасына шығуын көздеп отыр.
Толығырақ
Қос компания бірігу туралы келіссөздердің басталғанын 23 желтоқсан, дүйсенбі күні өткен бірлескен баспасөз конференциясында хабарлады деп жазды CNBC. Honda компаниясының бас директоры Тосихиро Мибэ жаңа технологияларды – электрмобильдер мен интеллектуалды жүргізу жүйелерін дамытуда бәсекеге қабілетті болу үшін өндіріс ауқымды болу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл келісім екі компанияның интеллектуалды ресурстары мен активтерін біріктіруге, синергия есебінен үнемдеуге, сонымен қатар екі брендтің ерекшеліктерін сақтауға бағытталған.
Тараптар Honda мен Nissan үшін бас компания ретінде әрекет ететін холдингтік құрылым құруды жоспарлап отыр. Бұл компания Токио қор биржасында тіркеледі деп жазды CNBC. Nissan-ға қарағанда әлдеқайда ірі Honda компаниясы жаңа құрылымның директорлар кеңесінің көпшілігін ұсынбақ. Тосихиро Мибэнің мәлімдеуінше, біріктірілген топтың жылдық кірісі 30 трлн иенге (191,4 млрд доллар) жетіп, операциялық пайдасы 3 трлн иеннен асуы мүмкін.
Келіссөздер 2025 жылдың маусымына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Nissan компаниясының стратегиялық серіктесі Mitsubishi-ге де жаңа топқа қосылу ұсынылды. Ол өз шешімін қаңтардың соңына дейін жариялауға тиіс. Nikkei Asia басылымының хабарлауынша, холдингтік компания 2026 жылдың тамыз айында құрылуы мүмкін. Reuters агенттігінің дерегінше, оның акциялары биржаға шыққанда, Honda мен Nissan компаниялары өз акцияларын биржадан алып тастайды.
Акциялардың жағдайы
23 желтоқсанда Токиодағы сауда-саттықта Nissan акциялары 1,6%-ға қымбаттады. Ал Honda акциялары 3,8%-ға өсті. Алайда жылдық есеп бойынша Nissan 13%, ал Honda 19% нарықтық құнын жоғалтқан.
Автокөлік өндіретін франциялық Renault-тың акциялары Париждегі сауда-саттық басталғанда 0,2%-ға көтерілді, бірақ кейін төмендеп, хабар жарияланған кезде 0,8%-ға құлдыраған болатын. Renault – Nissan-ның ең ірі акционері әрі сарапшылардың айтуынша, осы келісімнен айтарлықтай пайда көре алады. БАҚ-та бірігу мүмкіндігі туралы хабар алғаш рет жарияланған күні Renault акциялары кейінгі бес айдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Контекст
Honda мен Nissan үлкен мәселелерге тап болды. Nissan АҚШ пен Қытайдағы сатылым көлемінің төмендеуінен қаржылық қиындықтарға ұшырап, жұмыс орындарын қысқартуға, өндірістік қуатын азайтуға және жылдық пайда болжамын 70%-ға төмендетуге мәжбүр болды, деп жазды Bloomberg. Honda мен Nissan альянсы құрылса, оған Mitsubishi Motors та қосылуы мүмкін. Нәтижесінде жапон автоөндірісі екіге бөлінеді: бір жағында Toyota Motor, Mazda Motor, Subaru және Suzuki Motor альянсы, ал екінші жағында Honda мен Nissan альянсы.
iPhone құрылғыларын өндіретін тайваньдық Foxconn компаниясы Nissan-ды сатып алуға қызығушылық білдірген болатын. Дегенмен, Reuters дереккөзінің айтуынша, Foxconn әзірге бұл жоспарын тоқтатып, жапон автокөлік өндірушілері арасындағы келіссөздердің нәтижесін күтуді жөн көріпті.