Ресей бас прокуратурасы 4 әйел алуға рұқсат бермеді
Ресей бас прокуратурасы Мұсылмандар діни басқармасының 4 әйел алу туралы пәтуасын Отбасы және неке туралы заңға қайшы келеді деп тапты. Бұл туралы Ресей басылымдары хабарлады.
«Мұсылмандар діни басқармасы елде көп әйел алуға рұқсат беретін «Ресей мұсылман қауымындағы көп әйел алу мәселелері» туралы пәтуасын кері қайтарып алды», – деп жазған басылымдар.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бас прокуратура Ресей мұсылмандары діни басқармасының төрағасына көп әйел алуға рұқсат беретін теологиялық қорытындысына байланысты ұсыныс берген. Прокуратура заңды некеде тұрған адамның басқа адаммен некелесуіне тыйым салынатынын түсіндірген. Ресей Федерациясының Отбасы кодексінің 14-бабына сәйкес, «кем дегенде бір адам басқа тіркелген некеде тұрған адамдар» арасында жаңа неке тіркеуге жол берілмейді.
Бас прокуратураның бұл ұсынысынан кейін, діни басқарма пәтуасын кері қайтарып алған.
Айта кетейік, 20 желтоқсан күні Ресей мұсылмандарының діни басқармасының орынбасары, Мәскеу қаласының мүфтиі Елдар Аляутдинов мұсылмандарға төрт әйелге дейін діни неке қиюға рұқсат берілетіні жөнінде пәтуа шығарылғанын мәлімдеген.
Алайда діни басқарманың бұл шешімін Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері сынға алып, «Ресей шариғат заңы бойынша өмір сүретін елге айналмауы керек» деген қарсылықтарын жеткізген.