2024 жылдың 9 айында ұлттық компаниялардың өнімділігі төмендесе де, қызметкерлерінің жалақысы өскен
2024 жылдың үшінші тоқсанында ұлттық компания қызметкерлерінің жалақысы өскен. ІІ тоқсанда жалпы 96,5 млрд теңге жалақы төленсе, ІІІ тоқсанда 105 млрд теңгеден асқан. Бір тоқсандағы өсім 9%-ға тең.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы ұлттық компаниялар қызметкерлерінің жалақы қоры І тоқсанда 100,5 млрд теңгені құраған.
Сондай-ақ ұлттық компаниялар өз қаражаты есебінен қызметкерлеріне ақшалай жәрдемақы төлейді. Шілде-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 624,7 млн теңгені құраған.
Ұлттық компаниялардың өндірістік емес шығыстары да артқан. Мәселен І тоқсан нәтижесінде өндірістік емес шығыстар 191,3 млрд теңгені құраса, ІІ тоқсанда 2,5 есе өсіп, 484 млрд теңгеге жеткен. Ал ІІІ тоқсанда өндірістік емес шығыстар 383,6 млрд теңге болған.
Бұл ретте статистика бюросының дерегінен ұлттық компаниялардың жалпы пайдасы ІІ тоқсанда азайғаны байқалады. Қаңтар-наурыз аралығында 71 млрд теңге таза пайда алған ұлттық компаниялар 6 ай нәтижесінде 53 млрд теңге пайданы қанағат тұтқан. Есесіне ІІІ тоқсандағы жалпы пайдасы артып, 97 млрд теңгеге жетіп қалған. Алайда статистикада ұлттық компаниялардың қанша таза пайдасы көрсетілмеген.
Сонымен қатар 2024 жылдың ІІІ тоқсанында өнімділігі төмендегені байқалады. Мәселен І тоқсанда 60,4% құраған өнімділік, алты айдың нәтижесінде – 27,7%, ал ІІІ тоқсан қорытындысында бар болғаны а 13,3%-ды құрады.
Қазақстандағы ұлттық компаниялар
Қазақстандағы ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың тізбесі Үкімет қаулысымен бекітілген. Соған сәйкес, қазір «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингтерінен бөлек, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» мен 19 ұлттық компания бар. Соның ішінде:
- «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – мұнай және газ саласындағы ұлттық оператор;
- «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ – теміржол көлігі саласындағы ұлттық компания:
- «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ – уран өндіру және ядролық отын циклы саласындағы ұлттық компания;
- «Қазақтелеком» АҚ – телекоммуникация саласындағы ірі оператор;
- «KEGOC» АҚ – электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания:
- Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамы;
- «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы сынды компания «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіреді.