Қазақстандықтардың жеке деректері ресейлік сервистен ұрланған
Авиабилеттерді сатып алу сервисіндегі қазақстандықтардың жеке деректері Ресейдің «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан ұрланған. Бұл туралы ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов айтты.
Комитет басшысының айтуынша, азаматтардың жеке куәлігіндегі аты-жөні мен құжат нөмірі ұрланған. Енді комитет деректері ұрланған азаматтардың атын анықтап, оларға арнайы хабарландыру жіберуді көздеп отыр.
«Деректер Ресей федерациясының аумағында орналасқан «Сирена–Трэвел» деген компаниясынан ұрланып отыр. Бұл авиабилеттерді броньдау қызметін ұсынатын сервис. Біздің әуекомпанияларының бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Олар да деректері ұрланған азаматтар секілді зардап шеккен тарап саналады», – дейді Әбдіқалықов.
Десе де, жеке деректері ұрланған азаматтар отандық әуе компанияларының үстінен шағым түсіре алады. Өйткені қалай болғанда да, заң негізінде зардап шеккен тарап өзінің жеке деректерінің құпиялылығын сақтамағаны үшін жауапты компанияны сотқа бере алады. Бұл шағым негізінде комитет отандық компанияларға тексеріс жүргізіп, олардың ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан заңнамасын қалай сақтап жатқанын тексере алады.
«Бұл оқиғадан соң министрлік «Роскомнадзорға» арнайы хат жіберді. Ол хатта оқиғаның мән-жайын анықтап, бұған қатысты қандай шаралар қолданылатыны жөнінде ақпарат беруін сұрадық», – Руслан Әбдіқалықов.