Халықтың мәселесін шешу үшін әкімдер енді жасанды интеллект көмегіне жүгінеді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
ЖИ әрбір әкімнің электронды поштасына өз ақыл-кеңесін жіберіп, ұсыныстар береді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Енді жасанды интеллект елдегі әкімдерге ақыл-кеңес беріп, олардың жұмысына көмектесетін болады. ЖИ халықтың толғандыратын мәселелерді қалай шешу керек екеніне кеңес беріп, әкімдікке түскен өтініштерді талдайды. Бұдан бөлек әлеуметтік осал топтағы отбасылармен қалай жұмыс істеу қажеттігіне де ұсыныстар беретін болады.

Әкімдер апта сайын жасанды интеллектінің көмегімен қазақстандықтардың проблемалары туралы нақты ақпарат алатын болады.

 «Нақты көрсеткіштерді көрсете кетейін. Тамыздан желтоқсанға дейін 276 мыңға жуық отбасы өз жағдайын жақсартып, дағдарыс санатынан шықты. Мысалы, Риддер қаласы. Қараша айындағы жағдай бойынша мұнда 3643 әлеуметтік осал отбасы тұрады. Жасанды интеллект осы отбасылардың әл-ауқатына әсер ететін 3 өмірлік факторды анықтады», — деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Жасанды интеллект ұсынған мәліметтерге қарағанда, қаладағы 177 отбасы жұмысқа орналасып, табысын арттырып, жағдайын жақсартқан. Десе де ЖИ тәуекел  аймақтарын да анықтап берген.

«Мұнда кіріс табысы жоқ 141 отбасы тұрады, олармен  әкімдер нақты жеке жұмыс істеуі қажет немесе оларды оқытуға жіберу, мамандық алуға және жұмысқа орналасуға көмектесу керек. Тұрғын үйі жоқ 166 отбасы бар. Әрбір санның артында нақты бір отбасы тұр», – деп мәлімдеді министр.

Жасанды интелект әлеуметтік осал топтар бойынша өтініштердің негізгі тақырыптарын таңдайды. Бұл сотқа дейінгі іс жүргізу, қоғамдық және жол қауіпсіздігі, ТКШ, жерді пайдалану және сот ісін жүргізу мәселелері.

Сондай-ақ Жақыпова жасанды интеллект әкімдердің назар аударуы тиіс және онымен жұмыс істеу қажет мәселелерді де анықтап беретінін айтады.

«Мәселен, Риддерде отбасылардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарын аудармайды. Бұл дегеніміз жұмыссыздықтың деңгейі жоғары немесе көбі ресми тіркелмей істей береді дегенді білдіреді. Әкім дәл осы мәселеге көңіл бөліп, онымен шұғылдану қажет», – деп түйіндеді ол.

Әкімдердің жұмысында жасанды интеллекті қолдану идеясы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке ұнап қалды.

«Көргендеріңіздей ЖИ осал отбасылармен қалай жұмыс істеу керектігі туралы ұсыныстар беруде. Мұндай ұсынымды барлық әкімдерге апта сайын жіберіп, ақпаратты автоматты режимде өзектендіру қажет болады. Әр әкім қай жерде қандай проблемалар бар екенін көруі тиіс. Бұл жасанды интеллектіні қолданудың тікелей пайдасы. Оны өздері де талдауға болады, бірақ оған қанша ресурстар мен уақыт қажет», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Осыған дейін Қазақстанның Ішкі Істер министрлігі жасанды интеллект арқылы Алматы мен Астана тұрғындарының тәртібін қадағалайтынын хабарлаған еді. Ведомство еліміздің екі ірі қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз