2024 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы 3,1 млрд доллар инвестиция тартылған
2024 жылдың 9 айында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арқылы 3,1 млрд АҚШ долларына тең инвестиция тартылды. Бұл туралы қаржы орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қаражаттың үштен екі бөлігі (2,1 млрд теңге) – Astana International Exchange (AIX) биржасындағы портфельдік инвестициялар, ал қалғаны – АХҚО қатысушыларынан түскен қаражат.
Үш тоқсанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары 41,3 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 4,3 млрд теңгеге артық,
Қазіргі уақытта халықаралық орталықта АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және басқа да 85 елден келген 3500-ден астам компания тіркелген. Биыл жаңадан 1,1 мың жаңа компания келген. Былтыр бұл көрсеткіш 600-ден асқан.
Биыл АХҚО-ға елден тыс аумақтан төрт компания көшіп келді. Олардың қатарында Люксембургтен көшкен Kaz Minerals және Кипрден келген Fix Price Group PLC бар. Астанада Amicorp компаниялар тобының, Euronews және Telegram топтарының аймақтық кеңселері, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» еншілес компаниясы KTZ Express пен Abu Dhabi Ports Company еншілес компаниясы – International Maritime Investments Ltd-тың кеңсесі ашылған.
2024 жылы AIX-тағы бағалы қағаздармен жасалған сауда көлемі 1,3 млрд доллардан асты. Қазақстандық инвесторлар AIX-тың орталық депозитарийінде ашқан жеке шоттардың саны 1,9 миллионнан асты.
АХҚО-да тіркелген қорлардың саны бір жылда 42-ден 98-ге, ал қорлар мен активтерді басқарушылардың саны 40-тан 57-ге дейін өсті. Олардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 1,25 млрд АҚШ долларына жеткен.