Қытайлықтар SCAT-қа өз ұшақтарын сатып алуды ұсынып отыр

Жарияланды (жаңартылды )
Қытайлық СОМАС SCAT-пен келіссөздер жүргізді/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың  Commercial Aircraft Corp of China Ltd (COMAC) компаниясы С919 ұшақтарын Қазақстан және Индонезияға сатпақшы. Бұл туралы өзінің құпия дереккөздеріне сілтеме жасап Bloomberg жазады.

Басылымның мәліметінше, қытайлық компанияның өкілдері қазақстандық SCAT Airlines, индонезиялық Angkor Air-мен келіссөздер өткізген. COMAC қарсы тарапқа С919 сериясындағы 156-190 орындық жолаушылар ұшағын сатып алуды ұсынған. Компания Гонконгте, Сингапур және Джакартада халықаралық кеңселерін ашып, әлемдік авиация нарығында белсенділігін арттырып жатыр.

Қазір ұшақ шығаратын көшбасшылар Boeing пен Airbus-тың өндірісінде және ұшақ жеткізуіне қатысты жаһандық кедергілер болып жатқандықтан, қытайлық тарап осы сәтті пайдалануға тырысып жатыр деп жазады шетелдік басылым.

СОМАС тапсырысты қаржыландыру, әуежайлардың инфрақұрылымын жаңартуға көмектесу және басқа да жеңілдіктер ұсынып, өзінің ұшақтарын белсенді жарнамалап жатыр. Алғашқы нәтижесі де білінді. 2024 жылы компания С919 және С909 ұшақтарына 300 тапсырыс алған. Вьетнамдық VietJet әуетасымалдаушысы 2025 жылға С909-дың екі ұшағына тапсырыс берген.

Бірақ Қытай шекарасынан тыс аймақта С919 ұшақтарына коммерциялық мақсатта ұшуға сертификат берілген жоқ. Сондықтан нарықтық потенциалы шектеліп отыр.

 Scat Airlines –Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істейтін әуе компаниясы. Паркіндегі транспорт – негізінен Boing ұшақтары.

Жалпы Азаматтық авиацияның мемлекеттік тізілімінде 941 ұшақ бар. Басым бөлігі батыстық компаниялардан алынған.

Сондай-ақ оқыңыз