17 жасында муай-тайдан әлем чемпионы атанған спортшы бұзақылар қолынан қаза тапты

Жарияланды (жаңартылды )
Серік Әли
Әли Серік небәрі 20 жаста болған / Фото: instagram: titanclub.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

17 жасында муай-тайдан әлем чемпионы атанған спортшы Әли Серік бұзақылар қолынан қаза тапты. Бұл туралы QAZAQSTAN MUAYTHAI FEDERATION парақшасында хабарланды.

«Алматы қаласынан қаралы хабар келді. Муайтайдан ересектер арасында әлем чемпионы Серік Али бұзақылар қолынан қаза тапты», – делінген федерация хабарламасында.

Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.

«Наурызбай аудандық полиция Басқармасы 20 жастағы жігітті өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлайды департамент.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, таныстар арасында жанжал туындаған. Төбелес кезінде спортшыға пышақ салып, алған жарақатынан қайтыс болған.

«Қылмыстық қару тәркіленді. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», – деп хабарлайды Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі.

Спортшы туралы

Әли Серік муайтайдан 17 жасында әлем чемпионы атанған. Ол 2022 жылы Абу-Дабиде ересектер арасында өткен жарыста, қарсыластарынан басым түсіп, топ жарған. Спортшы 10 балалы отбасынан шыққан. Болашағынан үміт күттіретін спортшы талай жарыстарға қатысып, жүлдеді орындардан көрініп жүрген. Жас спортшы муай-тайдан олимпиада чемпионы болуды армандаған. Спортшы небәрі 20 жаста болған.

Сондай-ақ оқыңыз