Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін Астана мен Алматы тұрғындары жиі жауапқа тартылады
Ішкі істер министрлігі ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы баптар бойынша Астана мен Алматы тұрғындары жиі жауапқа тартылатынын хабарлады. Елімізде ұрып-соғу бойынша барлығы 3388 іс қозғалып, оның ішінде 387 адам ғана жазаланған. Бұл туралы министрліктің KursivMedia сауалына жіберген жауабында жазылған.
Маусым айында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтетін түзетулер күшіне енді.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін қазір 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл, қоғамдық жұмыс істеу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалады. Бұған дейін 15 АЕК (50 мың теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу болған.
Денсаулыққа орташа зиян келтірген үшін екі жылға дейін, ауыр зиян үшін — үш жылдан сегіз жылға дейін соттау мүмкіндігі қарастырылған. Бұрын бұл қылмыстар үшін айыппұл төлеп немесе бостандықты шектеу мүмкіндіктері болған.
Ұрып-соғу фактісі бойынша айыппұл 80 АЕК (295 мың теңге) дейін ұлғайып, қоғамдық жұмыс істеу немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу мүмкіндігі қарастырылады.
Жыл басынан бері денсаулыққа жеңіл зиян келтірген – 1749 адам, денсаулыққа зиянның орташа ауырлығы үшін – 1981, ауыр зиян үшін -1564 адам үстінен іс қозғалған. Алайда барлық құқық бұзушылықтар үшін 971 адам жазаланған.
«Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін 72 адамға айыппұл салынып, қоғамдық жұмыстарға 154 адам тартылып, жеті адам қамауға алынып, 738 адам сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды», – делінген жауапта.
2023 жылы қараша айында экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып өлтіргеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық істер қатарына қосу талаптар күшейді. 2024 жылдың сәуір айында заңға өзгеріс енгізілді.