Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі арта ма – Қаржы вице-министрі жауап берді
Қазақстанның ЕАЭО бойынша кедендік түсімнен алатын үлесі артуы мүмкін. Мәжілісте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселенің биік мінберлерде талқыланып жатқанын, оның соңы оң нәтижемен аяқталуы мүмкін екенін айтты.
Жиында депутат Ерлан Барлыбаев соңғы геосаяси жағдайларға байланысты ЕАЭО аумағына кіретін импорттық тауарлардың логистикалық тізбегі өзгергенін, Қазақстанның нарықтағы салмағы арта түскенін атап өтті.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында импорттық кедендік баж түсімдерінен ең көп үлесті Ресей алып отыр. Қазіргі таңда одаққа мүше елдердің экономикалық құрылымы өзгерді. Импортталатын тауарлар жеткізілімінің географиялық тізбегі өзгерді. Белгілі жағдайларға байланысты сыртқы экономикалық айналымның басым бөлігі Қазақстан арқылы жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда кедендік баж түсімдерінің үлесін қайта бөлу керек деп санаймыз. Министрлік тарапынан осы мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?»,- деп сұрады депутат.
Қаржы вице-министрі бұл мәселенің қаралып жатқанын, сол мақсатта арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. Ол комиссияда Қазақстан тарапының мүддесін Ұлттық экономика, Қаржы және Сауда және интеграция министрліктері қорғап жатыр. Біржановтың айтуынша, қазіргі таңда министрліктер бірнеше әдістемені қарастырып, үлесті бөлу әдістемесін макрокөрсеткіштерге негіздеу мәселесін талқылап жатыр.
«Бұл мәселе бүгінгі күн тәртібінде. Қазақстан тарапы бұл мәселені өткен жылы Еуразиялық экономикалық кеңесте көтерген болатын… Біз өз тарапымыздан үлесті есептеу әдістемесін қайта қарауды талап етеміз. Барлық есептеулер жүргізілді. Жұмысты одан ары жалғастырып, бұйыртса, оң нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін!» – деді Біржанов.