Зейнетақы жинағын басқарушы компаниялардың 11 айдағы инвестициялық табысы қандай?
![зейнетақы](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/12/cover-site-12312-32-1-1024x576.png)
1 желтоқсандағы дерек бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 22,1 трлн теңге жинақталған.
Соның 22 трлн теңгеден астамы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. 11 айда бұл қаржыға 2,82 трлн теңге инвестициялық табыс есептелген. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы бойынша 14,4 млрд теңге инвесттабыс түскен. Жыл басына бергі табыстылық 14,85%-ды құрады.
Жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы қандай?
Қазақстандықтар қазіргі кезде жеке басқарушы компанияларға 63,3 млрд теңге жинағын сеніп тапсырған. 63,3 млрд теңгенің 41,16 млрд теңгесін «Қазақстан Халық банкінің» еншілес ұйымы «Halyk Finance» басқарып отыр. 11 айда бұл қаржыға 5,11 млрд теңге инвест табыс есептелген. Зейнетақы активтерінің 2024 жылдың басынан бергі кірістілігі – 15,41%.
Одан кейін «Jusan Invest» ИПБ келеді. 10,36 млрд теңгеге жуық қаржыны басқаратын компания 11 айда 1,3 млрд теңге инвестициялық табыс тапқан. Жыл басынан бері зейнетақы активтерінің кірістілігі 15,24%-ға тең.
Ал «Halyk Global Markets» акционерлік қоғамының басқаруындағы қаржы көлемі – 4,67 млрд теңге. Жыл басынан бері зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі – 602,50 млн теңге, пайызбен есептегенде – 14,46%.
5,37 млрд теңгені басқаратын BCC Invest-тің 11 айлық қызметінің нәтижесінде зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,91%-ды құраған. Жыл басынан бері зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі – 660,06 млн теңге.
Ал «Сентрас Секьюритиз» 1,77 млрд теңге активті басқаруға алған. Бұл қаржыға 199,5 млн теңге инвесттабыс есептелген. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 14,82%-ды құраған.
Ұлттық банк зейнетақы активтерінің басым бөлігі – 41,29%-ын Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) инвестицияланған. БЖЗҚ-ның 9 трлн теңгесіне МБҚ сатып алынған. Бұл бағалы қағаздардың табыстылығы жылдық 11,59%-ды құрайды. Сонымен қатар Ұлттық банк биыл шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаржы көлемін 334%-ға арттырып, жалпы 97 млрд теңгеге өзге мемлекеттердің бағалы қағазын сатып алған.