Жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноталар айналымға шықты
Қазақстан Ұлттық Банкі осы жылы 25 желтоқсанда жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды. Ол – «Сақ стилі» жаңа сериясындағы үшінші банкнота.
Банкноталар 2025 жылдың екінші тоқсанында жаппай қолданысқа шығады. Себебі оларды барлық өңірге жеткізу үшін (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техника) қосымша уақыт керек деп түсіндіреді банктің баспасөз қызметі.
Банк баспасөз қызметінің жазуынша, жаңа банкнота көшпенділердің бірегей мәдениеті мен бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» негізінде безендірілген.
«Банкноталардың түсі – жасыл. Бет жағында көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы бейнеленген. Арғы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқанның фонында ақбөкендер, «Қалқанды» бейнелейтін дөңгелек қазақ ою-өрнегі салынған» , – деп жазылған хабарламада.
Жаңа банкноталар 2024 жылдың 25 желтоқсанынан бастап айналымға енеді. 18 ай бойы 2012 жылы шыққан ескі үлгідегі ұлттық банкноталармен ауыстырылады.
«Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ», – деп ескертеді Ұлттық банк.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар 2025 жылдың 25 желтоқсанынан бастап 2026 жылдың 24 маусымына дейінгі аралықта қатар жүреді. Бірақ 2026 жылдың маусымынан бастап 2029 жылдың 25 маусымына дейін ескі үлгідегі банкоталарды 3 жыл ішінде барлық екінші деңгейдегі банктер мен Қазпоштада айырбастауға болады.