Еуразиялық одақ аясында ортақ газ нарығы пайда болуы мүмкін

Жарияланды
газ нарығы
Ортақ газ нарығы құрылады/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшылары (ЕАЭО) 2025 жылдан бастап газ нарығын ортақ деп тануы мүмкін. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің осы жоба бойынша шешімі Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) сайтында жарияланған.

«2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүше елдердің заңнамаларын және мүше елдер арасындағы халықаралық келісімді ескере отырып мүше елдердің газ сферасында қалыптасқан қарым-қатынас жүйесінде одақтың газ нарығын ортақ деп тану» , – деп жазылған ЕЭК сайтындағы құжатта.

Құжатты талқылау 2025 жылдың 4 қаңтарына дейін жалғасады. Сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕЭК-ке 2030 жылға дейін мүше елдермен бірге газдың ортақ нарығын дамыту туралы жоба дайындауды тапсырды. Еуразиялық комиссия оны 2026 жылға дейін Жоғары кеңестің қарауына ұсынуы қажет екен. Бұл құжаттар 2025 жылдан бастап ЕАЭО нарығында ортақ энергонарық құрылатынын білдіреді.

Бұл жоба бүгін, 26 желтоқсанда, Санкт-Петербургта өтіп жатқан саммит аясында талқыланады.

Бұған дейін Ресей Қазақстанға жіберетін газ бен мұнай өнімдерінің экспортын көбейтуді ойлап жатқанын хабарлаған.

«РФ индикативті балансқа сай Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізеді және белгілі бір санаттар үшін оны ұлғайтуға дайын. РФ «Орталық Азия – Орталық» жүйесі бойынша газ транзитін сәтті жүргізіп жатыр және Қазақстанға газ жеткізу мүмкіндігін ұлғайтуды қарастырып жатыр», – деп жазылған еді РФ-ның Федерация кеңесі мен ҚР-ның Парламент Сенаты арасындағы бірлестік бойынша өткен комиссия отырысының хаттамасында.

Ал сарапшылар еліміз алдағы уақытта газ тапшылығын басынан кешіруі мүмкін екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз