Болжам: 2050 жылы Қазақстандағы қала халқының саны 20 млн-ға жуықтайды, ауылда адам қала ма?

Жарияланды
халық саны
2030 жылы қалада тұратын халық саны 14 млн адамға жетеді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2030 жылы қалада тұратын халық саны 14 млн адамға жетеді, ал 2050 жылы 20 млн адамға жуықтап қалуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек жәнек халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлікке қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ, Болжау және зерттеу департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштері негізінде демографиялық болжам әзірлеген. Сарапшылар талдауына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның қала халқының саны арта түседі. Мәселен, 2030 жылға қарай қалада тұратын қазақстандықтар саны 13%-ға артып, 14 млн-ды құрайды, 2050 жылға қарай 57%, 19,3 миллионға өседі деп күтілуде.

Ал ауыл халқының санында қатты өзгеріс бола қоймайды. Десе де, 2030 жылға қарай ауыл халқының саны 1%-ға артып, 7,7 млн адамды құрауы мүмкін. 2050 жылға қарай-шамамен 9%-ға өсіп, 8,2 млн адамға жетіп қалады. Жалпы 25 жылдан кейін елдегі халық саны 27,5 млн-ға жетуі ықтимал.

Базалық болжамды сценарийге сәйкес, қала халқының саны ірі қалалар бөлінісінде 2030 жылға қарай былай өзгеруі мүмкін:
  • Астана қаласында – адам саны 39%-ға артып, 1,9 млн-ға;
  • Алматы қаласында – 21%-ға артып, 2 млн 664 мыңға;
  • Шымкент қаласында – 17%-ға артып, 1 млн 416 мыңға жетеді.

«Бұл ретте үш мегаполистің халқы қала халқының жалпы санының 43%-ын құрайды, ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 51%-ға дейін ұлғаяды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Өңірлік бөліністе қала халқының саны Маңғыстау облысында 79,2 мың адамға, Ақтөбе облысында 70,3 мың адамға, Түркістанда 62,4 мың адамға артуы мүмкін деп болжанып отыр. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында қала халқының саны керісінше, азая түсуі ықтимал.

2030 жылға қарай ауыл халқы тек 5 өңірде өседі. Олар:
  • Алматы облысы – 140,8 мың адам;
  • Түркістан облысы – 94,7 мың адам;
  • Маңғыстау облысы – 58,1 мың адам;
  • Қызылорда облысы – 26 мың адам;
  • Атырау облысы – 21,5 мың адам.

Алдағы 5 жылда Қостанай, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында адам саны азайып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 37,1 мың адамға, Абай облысында – 35,2 мың адамға, СҚО-да – 33,8 мың адамға аязады.

2050 жылға қарай ЕРДО сарапшыларының болжамына сәйкес, ауыл санының артуы бойынша Маңғыстау өңірі көш бастайды. Өңірде бұл уақытқа қарай адам саны 2,1 есе артып, 736,6 мыңға жетуі ықтимал. Бұл аралықта облыстағы халық саны 384 мыңға көбейеді. Екінші орында – Түркістан облысы тұр. Бұл аймақта халық саны 355 мыңнан 878,7 мың адамға дейін артып, 1,7 есе өседі. Одан кейін Ақтөбе облысы тұр. Мұнда адам саны 307 мыңға өсіп, 1 млн-ға жетуі мүмкін.

Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қала тұрғындарының саны 5-7%-ға дейін азайып кетеді.

«Ауыл тұрғындары санының ең көп азаюы Қостанай облысында күтілуде – 163,6 мың адамға қысқарып 151,7 мың адамды құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 52% – ға аз. Абай облысында 149,6 мың адамға азайып, халық саны 87,6 мың адамды құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл халқының саны 2050 жылға қарай 141,6 мың адамға қысқарып, 131,3 мың адам болады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз