Павлодарда сауда айналымы 100 млн АҚШ долларынан асатын есірткі дүкендерінің криптоәмияндары анықталды
Павлодарда прокуратураның үйлестіруімен есірткі өндірумен айналысқан шетелдіктердің әркетінің жолы кесілген. Бірнеше ескірткі сататын дүкендерінің криптоәмияндары анықталып отыр. Бүл сауда нүктелері тек қана Қазақстанда ғана емес, ТМД-ның өзге аумақтарында да орналасыпты. Сауда айналымы 100 млн АҚШ долларынан асып жығылған. Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Бас прокурордың мәліметінше, жалпы елімізде есірткіге қатысты 426 қылмыстық іс қозғалып отыр. Наша сатқан 36 адам ұсталған. Сонымен қатар, есірткі жарнамалаған 47 мың граффити жойылды.
Бұл деректер «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы шеңберінде ашылып отыр.
«Есірткі бизнесінде қолданылатын химиялық заттарды бақылау үшін таргетинг-орталығын құру жобасын жалғастырамыз», – деді Бас прокурор.
Елімізде «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы жүріп жатыр. Оның аясында, мемлекеттік органдар есірткінің адам ағзасына, психикасына зияны туралы мәліметтер таратып жатыр. Орта есеп бойынша, бір нашақор бір жылдың ішінде өзге 5 адамды есірткіге үйір етеді екен.
Айта кететін жайт, 27 қарашада Парламент Мәжілісі есірткінің заңсыз айналымына қатысты заң жобасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Онда «есірткі тасымалдаушылардың» жазасын жеңілдету көзделген болатын. Осы заң аясында, есірткіге қарсы күрес жетілдіріліп, қылмыстық іс жүргізу және өзге де заңнамалық актілер өзгерген болатын.
Есірткі алынатын өсімдіктерді өсіріп, сатқандардың жазасы қатаңдады. Олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін түрмеге қамалады. Ал есірткі саудасына қатысы бар мемлекеттік қызметкерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Президент Тоқаев Орталық Азия мен ШЫҰ шеңберінде есірткіге қарсы күресті күшейту мәселесін бірнеше мәрте көтеріп келеді.