Қазақстанда 2025 жылдан бастап долларды сатып алу тәртібі өзгереді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
доллар сату
Фото: shutterstock.com

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде долларды сатып алуға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Ұлттық банк тамыз айында «Қазақстандағы валюталық операцияларды жүргізу қағидаларына» өзгеріс енгізген. Соған сәйкес, бір күнде 50 мың доллардан асатын валюта сатып алғысы келген заңды тұлға валюта келісімшартын ұсынуы керек. Бұл дегеніңіз сатып алған валютаны қайда жұмсайтынын құжат арқылы негіздеуі тиіс.

Банк ЦентрКредиттің түсіндіруі бойынша, егер қазақстандық компания бір жұмыс күні ішінде 50 мың доллардан асатын валютаны банктегі есеп-шотпен аудару арқылы (яғни қолма-қол ақшамен емес) теңгемен сатып алғысы келсе, не мақсатта сатып алып жатқанын нақты көрсетуі керек. Одан бөлек, банкке валюта келісімшартын ұсынуы тиіс.

Тағы бір талап

Екіншіден, егер сатып алынған доллардың бір бөлігі 10 жұмыс күні ішінде пайдаланылмаса, заңды тұлға оны қайта сатуға міндетті. Бұл талап жалпы сомасы 50 мың АҚШ долларынан асатын өтінімге қатысты.

Егер компания бір күн ішінде бірнеше рет валюта сатып алса, оның бүкіл өтінімдері бірге есептеледі. Клиент бір жұмыс күнінде 50 мың доллардан асатын бірнеше өтінім бермес үшін банк валюта шартын сұратады.

Шетел валютасын аудару тәртібіне де өзгеріс енеді

Тағы бір өзгеріс – басқа банкке шетел валютасында ақша аудару тәртібіне қатысты. Енді өз қаражатын аудару туралы өтінімде клиент шетел валютасын сатып алу күнін, валюта келісімшартының нөмірі мен күнін көрсетуі тиіс. Бұл ақпарат көрсетілмесе, банк аударымды жүзеге асырмайды.

Сондай-ақ оқыңыз