Рамзан Қадыров Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған күні Грозныйдың аспанын қорғаған туысын марапаттады
Рамзан Қадыров өзінің немере інісі Хамзатты «Шешенстан Республикасы алдындағы қызметі үшін» медалімен құттықтады. Хамзат Қадыровты марапаттау сәтін Рамзан Қадыров Instagram-ға жариялаған.
Немере інісінен бөлек, ол баласы Ахмат пен қыздары Хадижат, Хутмат, Табарик және Айшатты да марапаттаған.
Хамзат Қадыров Шешенстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарады. Ол 25 желтоқсанда Шешенстанға шабуыл жасаған барлық ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құлатқанын ресми түрде жариялаған-ды.
«Ұшқышсыз ұшатын аппараттар бір нысанға тиді деген ақпарат жалған. Бәрі құлатылды», – деп жазды Шешенстанның қауіпсіздің кеңесінің хатшысы әлеуметтік желілерге.
Дәл сол күні Бакудан Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines Ақтауда апатқа ұшыраған еді.
NIYSO атты шешендердің оппозициялық телеграм арнасы Грозныйдың әуе кеңістігін «Панцирь-С1» зымыраны әуе шабуылынан қорғады деп жазған.
Euronews Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сүйене отырып, Грозный қаласының үстінде ұшақты ресейлік зымыран зақымдағаны туралы ақпарат берген еді.
«Үлкен Қадыровты сол дрондардың арасында бортында 67 адам бар жолаушы ұшағының болғаны да ұялтпаған», – деп жазды әзірбайжандық Turan сайты.
Қазір Грозный әуежайы уақытша ұшақ қабылдамай жатқаны белгілі болды.
Ұшақ апатынан 38 адам қаза болса, 11 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Екі адамның жағдайы ауыр. Әзірбайжан зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасына өтемақы төлейтінін жария етті.