Ұлттық банк қараша айында тұрғындары долларды көп сатып алған қалаларды атады
Қараша айында айырбастау пункттері халыққа 228 млрд теңгеге доллар сатқан. Бұл көрсеткіш қазан айымен салыстырғанда 34,18%-ға немесе 58,1 млрд теңгеге артық. Қазанда қазақстандықтар айырбастау пункттерінен 170 млрд теңгенің долларын сатып алған болатын.
Қай қаланың тұрғындары долларды көп сатып алды?
Алматы мен Шымкент тұрғындары қолдағы теңгесін долларға көптеп айырбастаған. Алматылықтар 63,8 млрд теңгеге доллар сатып алса, шымкенттіктер 57,5 млрд долларды айырбастаған.
Алматы мен Шымкенттің ізін ала Астана келеді. Бас қаланың тұрғындары бір айда 27,3 млрд теңгеге доллар сатып алған.
Айта кетейік, қараша айында теңге құнсызданып, айырбастау пункттері долларды 530 теңгеге дейін сатқан. Сол кезде халық қолда бар қаржысына валюта сатып алуға ұмтылған сыңайлы. Алайда Ұлттық банктің нарыққа араласуы нәтижесінде доллар бағамы қайта арзандап, ресми бағам 515 теңге айналасында қалыптасты.
Басқа қандай валютаға сұраныс жоғары?
Ұлттық банктің статистикасына сүйенсек, доллармен қатар, еуроға деген сұраныс та артқан. Қазан айында айырбастау пункттері 17,9 млрд теңгеге еуро сатса, қараша айында халық 22,9 млрд теңгені еуроға айырбастаған.
Есесіне халықтың рубльге деген сұранысы екі еседей азайған. Қазан айында қазақстандықтар 8,8 млрд теңгеге рубль сатып алса, өткен айда бұл көрсеткіш 4,9 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар айырбастау пункттері өткен айда халыққа 256,5 млн теңгенің фунт-стерлингін, 124 млн теңгеге юань сатты.