Коллекциялық монета: Сағадат Нұрмағамбетовке 200, ал Македонскийге 1000 теңгелік бұйырыпты
Ұлттық Банк Сағадат Нұрмағамбетов пен Александр Македонскийге арнап коллекциялық монеталар жасады. Олар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында шығарылды.
Алғашқы монета Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі және Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған. Дизайнға Нұрмағамбетовтің портреті салынған. Монета массасы – 15 грамм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңге. Мельхиор қоспасынан жасалған. 5000 данамен таралады.
Екінші монета тарихта аты қалған император Ескендір Зұлқарнайын қолбасшыға арнап жасалған. Оның массасы – 31,1 грамм, номиналы – 1 000 теңге. Бұл монета 2000 данамен таралады.
Коллекциялардың қай кезде сатылымға шығатынын Ұлттық банк қосымша хабарлайды. Оларды барлық банк шоттарында есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Бұған дейін Ұлттық Банк жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкнотаны айналымға шығарды. Жаңа ақша келесі жылдың екінші тоқсанында жаппай қолданысқа енгізіледі.