Қазақстанда мемлекеттік марапаттардың саны артады
Қазақстанда жаңа мемлекеттік марапаттар яғни атақтар пайда болады. «Мемлекеттік марапат, білім және бала құқығын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға осындай өзгеріс енгізіліп жатыр.
Енгізілген толықтыруларға қарағанда, ғылым мен техника саласында жетістігі үшін ғалымдарға – «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», энергетика, байланыс, жобалау саласындағы қызметкерлерге – «Қазақстанның еңбек сіңірген инженері», Құрылыс, сәулет және жобалау қызметкерлеріне – «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атақтары беріледі.
Ал өнеркәсіп, металлургия, технология және автоматизация қызметкерлері – «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», тау-кен өндірісі, шахта құрылысын дамытуға үлес қосқан азаматтар, мекемелердегі апаттарды жойып, болдырмаған адамдар – «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» деген марапатқа ие болады.
Геология, геофизика, гидрогеология, топограф-геодезиялық қызмет пен геолог-зерттеу ұйымдарының қызметкерлеріне – «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы», әуе, су, авто, құбыр және басқа да көліктердің қызметкерлеріне «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі.
Мал, бақша өсіретін фермер, агроном, ветеринарлар – «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері», су шаруашылығы, гидротехник, мелиораторлар «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген марапат алады.