«Назарбаев отставкаға кеткенімен, саяси сыпайылықты сақтай бермейтін»: Тоқаев экс-президент дәуіріндегі кемшіліктер туралы айтты
Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Отставкаға кеткенімен, саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Осылай деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президенттің әрекеттеріне қатысты ойын айтты. Мемлекет басшысы елде қосарланған билік бар деген әңгімеге де тоқталды.
Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында экс-президентпен қаншалықты жиі хабарласып тұратыны жайында айтты. Тұңғыш президенттің қызметін, оның елге сіңірген тарихи еңбегін әділ бағалау қажеттігін жиі айтатын Тоқаев, бұл пайымын осы жолы да қайталады. Оның сөзінше, кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар.
«Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті»,- дейді Тоқаев.
Тоқаев: Назарбаев саяси сыпайылықты сақтай бермейтін….
Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болғанын да жасырмады. Ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтінін атап өтті.
«Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді»,- деп мәлімдеді президент.
Экс-президент Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеді…
Тоқаев бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соққанын айтты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болғанын мәлім етті. Тіпті кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болғанын да ашып айтты.
«Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді»,- деді мемлекет басшысы өз сұхбаты барысында.
Тоқаев қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек екенін айтады. Сөз соңында Тоқаев Назарбаевпен айына бір рет телефонмен сөйлесіп тұратынын да айтып өтті.