Қытайда тараған метапневмовирус адам өміріне қауіпті ме?
Соңғы апталарда Қытайдағы ауруханаларда бетперде киген адамдардың көптігі әлеуметтік желілерде таралып, тағы бір пандемия қаупін тудырды. Қытай билігі балалар арасында көбейіп жатқан метапневмовирусы (HMPV) жағдайларын маусымдық тұмаумен байланыстырды.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы Маргарет Харистің айтуынша, HMPV вирусы COVID-19 секілді қауіпті емес. Бұл вирус бұрыннан бар және әрбір бала бес жасқа дейін бұл вирусты жұқтыруы мүмкін.
HMPV дегеніміз не және қалай таралады?
Маргарет Харистің айтуынша, HMPV – көбінесе тұмауға ұқсас жеңіл жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясын тудыратын вирус. Ол алғаш рет 2001 жылы Нидерландта анықталған.
Вирус адамнан-адамға тікелей байланыс арқылы немесе ластанған беттерге қол тигізу арқылы таралады. Көпшілігінде вирус жөтел, дене қызуы және мұрын бітелуі секілді симптомдармен өтеді.
Алайда екі жасқа толмаған балалар және иммунитеті әлсіреген адамдар, соның ішінде егде жастағы кісілер мен қатерлі ісіктің асқынған түрімен ауыратындар ауыр жағдайларға тап болуы мүмкін. Иммунитеті әлсіз адамдардың вирусынан өкпенің қабынуы, ентігу секілді ауыр симптомдар кездесуі мүмкін.
Қытайда неге жағдай ушығып жатыр?
HMPV басқа тыныс жолдары инфекциялары сияқты, қыс және көктем мезгілдерінде белсенді болады. Солтүстік Қытайда вирустың қазіргі таралуы наурыз айына дейін созылатын төмен температуралармен сәйкес келіп отыр.
Аустралиядағы Флиндерс университетінің эпидемиологы Жаклин Стивенс бұл жағдай тек Қытайда ғана емес, солтүстік жарты шардың көптеген елінде байқалып жатқанын айтты.
ДДҰ сарапшылары HMPV вирусының COVID-19 секілді пандемия тудыруы мүмкін деген қорқынышты асыра сілтеу деп санайды. HMPV – әлем бойынша бұрыннан бар вирус. Сондықтан адамдарда бұрынғы жұқпалардан қалған иммунитет қалыптасқан.
Әрбір бала бес жасқа дейін бұл вируспен бір рет болса да ауырып шығады және өмір бойы бірнеше рет қайта жұқтыруы мүмкін. Дегенмен инфекцияның алдын алу үшін дәрігерлер маска тағу, қол гигиенасын сақтау және тұмауға қарсы екпе алу сияқты жалпы сақтық шараларын ұстануды ұсынады.
Еске сала кетейік, бұл вирус Қазақстанда да тіркелді. Денсаулық министрлігінің 5 қаңтардағы мәліметтеріне сәйкес, 30 адамнан нақтыланған.