Қазақстандық колледждер АЭС-те жұмыс істейтін мамандарды даярлай бастайды
Қазақстан колледждерінде енді АЭС-те жұмыс істейтін мамандарды дайындайтын болады. Бұл жайында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Сәтқалиев алдағы уақытта салынатын АЭС-ке қажетті мамандарды дайындауға білек сыбана кірісу керек екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, дозиметрист, газтурбина слесары, АЭС жабдықтарды жөндеу маманы, АЭС ақпарат технологиялар бойынша мамандар қажет.
«Атом электр станциясы құрылысын қолдау үшін отандық колледждер базасында АЭС-қа арналған мамандықтарды дайындайтын болады. Министрліктің бағыныстағы ұйымдары – Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институты электротехника колледждерімен тығыз ынтымақтастықта және ядролық мамандықтар бойынша колледж студенттерінің өндірістік тәжірибе өткізу базасы болады»,- деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің мәліметіне сенсек, елімізде энергетика саласында кадрларды даярлауды 40 жоғары оқу орны мен 215 колледж жүзеге асырады. Онда 7 мамандық бойынша 19 мыңға жуық студент білім алуда.
Ведомство басшысы елдегі АЭС құрылысы кезінде қанша адам жұмыспен қамтылатынын да айтты. Сөзінше, 2030 жылға қарай ауқымды жобаға 5 мыңға жуық адам тартылады.
«Ал 2032 жылы құрылыстың шарықтау кезінде 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал пайдалану кезеңінде жоба кемінде 2000 азаматты жұмыс орындарымен қамтиды. Осы жаңа жобалардан бөлек 2025 – 2029 жылдар аралығында отын-энергетика кешенінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қосымша шамамен 16 мыңға жуық жұмыскерді қажетет еді»,- деді министр.
Қазақстан атом электр станциясын Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция компанияларымен бірлескен концорциум аясында салмақ. Қазіргі уақытта «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000, APR-1400 реакторлары), «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) сияқты әлеуетті жеткізушілерімен келіссөз басталған. Келіссөздер бәсекелестік диалог рәсімінде жүргізіліп жатыр.