Трамп Украинадағы соғыс үшін Байден әкімшілігін кінәлады
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп сайлаудағы жеңісі ресми расталғаннан кейін Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында журналистер алдында сөз сөйледі, деп хабарлады Настоящее Время басылымы.
Трамп президент Джо Байден әкімшілігінің Украина мәселесіндегі саясатын сынға алды. Оның пікірінше, Ақ үй Киевтің НАТО-ға ықтималды қосылуы жөніндегі келіссөздерде көптеген қателіктер жіберген, ал Путин Украина Альянспен ешқандай байланыс орнатпауы керек екенін үнемі атап өткен.
«Бұл тасқа қашалғандай анық еді. Ал Байден Украина НАТО-ға қосылуға мүмкіндік алуы керек деп айтты. Осылайша, Ресей НАТО-ны өз шекарасына жақындатты», – деп мәлімдеді Трамп.
Трамптың пікірінше, Байденнің дәл осындай мәлімдемелері соғысқа әкеліп соққан. Ол Ресейдің толыққанды басып кіруінің басталуына қазіргі АҚШ әкімшілігін кінәлады.
Оның ойынша, Байден әкімшілігінің әрекетсіздігі Ресейдің Украинаға шабуыл жасауына түрткі болған, себебі Кремль Вашингтонның әлсіздігін байқаған. Ол өзі президент болғанда «мұндай жағдай мүлдем болмас еді» деп санайды.
Сайлауалды науқаны кезінде Трамп егжей-тегжейін айтпастан Ресей мен Украина арасындағы соғысты 24 сағат ішінде аяқтайтынын мәлімдеген. Ал Флоридадағы брифингте ол екі ел арасындағы қақтығысты алты ай ішінде аяқтайтынына үміттенетінін айтты.
«Мүмкін, одан да ертерек. Ресей өте көп жас жігіттерін жоғалтуда, Украина да солай. Бұл соғыс мүлдем болмауға тиіс еді», – деді Трамп.
Киев көңіліндегі алаң
Украина АҚШ-тың жаңа президенті тиімді емес шарттарға қол қоюға мәжбүрлейді деп алаңдайды. Бұрын Украинаға әскери көмекті тоқтатқан республикашылдар мен Украинаға қатысты сыни көзқарастарымен танымал вице-президент Джей Ди Вэнс бұл алаңдаушылықты қоюлатып отыр. Вэнс жаңа әкімшілік Украинада бейбіт келісімді қалай көретінін сипаттап, ол шекара сызығы бойымен демилитаризацияланған аймақ құруды және Киевтің бейтараптылығын сақтауды көздейтінін айтқан.
Бұл келісім бойынша Ресей оккупацияланған аумақтарда қалады, ал Украина НАТО-ға кіруден бас тартады. Киев мұндай шешімді капитуляция ретінде қабылдап, ел басшылығы оны қолдай қоюы екіталай.