Кәсіпкерлер Назарбаев мектептерін салған компанияның мердігерлерін сотқа берді

Жарияланды (жаңартылды )
Алматылық құрылыс компаниялары «Ақ Орда Корпорациясы» өкілдерін ақымызды жеді деп айыптап отыр / Фото: Коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2021 жылы күзде Алматыдағы балалар емханасының жанынан 3 қабатты қабылдау бөлімшесі корпусының құрылысы басталды. Ал 2 жылдан кейін миллиардтаған қаржы бөлінген ғимараттың жұмысы әлі аяқталмағаны, бас мердігер оны бітірмегені белгілі болды. Корпустың құрылысына жауапты компаниялар мердігерлер уәде етілген қаржыны толық төлемегенін айтып, Тоқаевқа үндеу жасады. KursivMedia тілшісі мәселені анықтауға тырысып көрді.

Құны 4,3 млрд теңге болатын құрылыс кімге бұйырды?

Балалар емханасының жанындағы қабылдау бөлімшесінің құрылысы жайлы 2021 жылдан бері айтылып келеді. БАҚ-та жазылғандай, корпус үш қабаттан тұрады. Қабылдау бөлімшесімен қатар операциялық блок та болуы керек. Бұл тапсырысты «Ақ Орда Корпорациясы» атты құрылыс компаниясы жеңіп алады. Қосалқы мердігер ретінде «Жедел Құрылыс» ЖШС және «СК Шахар Құрылыс» компаниялары жұмыс істейді. Үш компанияда Шымкент қаласында орналасқан. Тапсырыс көлемі – 4,3 млрд теңге.

Өз кезегінде «Жедел Құрылыс» пен «СК Шахар Құрылыс» та жұмысқа мердігер компаниялар тартады. Бас-аяғы 15-ке жуық компания жұмылдырылған. Оның ішінде корпустың қасбеті және есік-терезелерін салу «Азия СтройГруппқа» (2020 жылы құрылған) тапсырылған. Келісім бойынша, 2023 жылдың тамызына дейін аяқтауы керек болған. Бірақ «Азия Строй Групп» кәсіпкерлері мердігер компания өз міндетін толық орындамағандықтан, қазір банкрот болудың алдында тұрғанын айтады.

«2022-2023 жылдар аралығында құрылыс-монтаж жұмысын қабылдағандар болмашы алдын-ала төлем жасап, жұмыс нәтижесін алған соң, атқарылған жұмысты қабылдамай, ақысын төлеуден бас тартты. Айналымға барлық қаражатымызды жұмсадық. Жұмысшылардың айлығы мен салықты төлеп, қазір банкроттықтың алдында тұрмыз», – деді компания директоры Игорь Боков парақшасында жариялаған үндеуінде.

«Азия Строй Групп» алғашында «Жедел Құрылыс», кейінірек «СК Шахар Құрылыс» компаниясы өкілдерімен екі келісімшартқа қол қояды. Корпустың қасбеті мен есік-терезелерін салу 125 млн теңге деп бағаланады. Кейінірек құрылыс-монтаж жұмысы кезінде қайта есептеулер жүргізіліп, құны 171 млн теңгеге дейін өседі. Алғашында аванс ретінде мердігер компания «Азия Строй Групп» есепшотына 50 млн теңге төленген. Бірақ қалған 121 млн теңге сол күйі берілмеген.

«Бірде-бір құжатқа қол қойылмады»

KursivMedia тілшісі қарсы тараптың жауабын алу үшін «СК Шахар Құрылыс» компаниясының директоры Айдарбек Асанбековпен сөйлесті. Ол «біздің тарапымыздан барлығы орындалды» деп отыр.

«Біз келісімшарт бойынша көрсетілген соманы төледік. Толық ақысы берілді. Олар (Азия Строй Групп) екі рет сотқа берді, екі рет жеңілді. Барлығы түсінікті емес пе», – деді ол телефонмен әңгімесінде.

Асанбековтің сөзінше, «Азия Строй Групп» тіпті жұмысын толық атқармаған. Басқа бригада жалдап, аяқтатқанын айтады.

Бірақ «Азия Строй Групп» өкілі бұл жерде де мердігер компания заң бұзды деп отыр.

«Біріншіден, олар бізден жұмысты қабылдап алған жоқ. Бірде-бір келісімшартқа, бірде-бір актіге қол қоймады. Екіншіден, басқа бригадаға тапсырса, ол туралы да бізге ескерту жіберу керек. Арада тіпті ондай құжат та жоқ. Келісімшарттағы ақшаны да толық төлеген жоқ», – дейді компания директоры Юрий Боков.

Оның түсіндіруінше, кәсіпкерлер өз тарапынан белгіленген тапсырысты «99,9%-ға аяқтаған». Тек екі есікті және қасбеттің бояуын өзгерту керек деген жұмыс көлемі қалған.. Бірақ олар ақыны толық алғаннан кейін жасалады деп түсіндіреді.

«Соттан көңіліміз қалды»

Қажетті ақысын ала алмаған тек «Азия Строй Групп» қана емес. Балалар емханасының жанындағы корпустың құрылысымен айналысқан 15 шақты компания ақыларын ала алмағанын мәлімдеп, Алматы әкімі Ерболат Досаевқа хат жазған. Ол хатқа он бес құрылыс компаниясының өкілдері қол қойған (хат редакцияда бар). Мердігер «Жедел Құрылыс» оларға 217 млн теңге қарыз екені жазылған.

Бірақ Алматы әкімдігінен мардымды жауап болмайды. Олар өз жауаптарында әкімдік тек бас мердігер компания «Ақ Орда Корпорациясымен» келісімге отырғанын айтып іске араласудан бас тартады. (Хат редакцияда бар)

Тауы шағылған кәсіпкерлер сотқа арыз береді. «Жедел Құрылыс», «СК Шахар Құрылыс» компаниялары Шымкентте тіркелгендіктен, істі Шымкент қаласының экономикалық соты қарайды.

«Сот біздің пайдамызға шешілген жоқ. Жалпы соттың өтуіне де сұрақтарымыз бар. Судья толық тыңдаған жоқ. Сот процесі ары кетсе 15-20 мин өтті. Бірінші рет жеңілгеннен кейін, екінші рет аппеляцияға берген едік. 25 желтоқсанда өтіп, 15 минут ішінде шешім өзгеріссіз қалады деп бітіре салды», – деп түсіндіреді «Азия Строй Групп» өкілдері. Енді ол ҚР Жоғары Сотына шағым түсірмекші.

Негізгі жауап беруші кім?

Бұл істегі корпус құрылысына тікелей жауапты, мемлекеттен 4,3 млрд теңге көлемінде қаржы алған бас мердігер – «Ақ Орда Корпорациясы» ЖШС. Өздерінің сайтында Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларында Назарбаев мектептерін салумен айналысқанын мақтанышпен жазады.

Компания 2006 жылы тіркелген, 2022 жылы қайта тіркеуден өткен. Құрылтайшысы ретінде Қалыбеков Садулла есімді азамат көрсетілген. 2023 жылы Алматы әкімдігі қателіктерге байланысты лицензиясынан айырылған 8 компания тізімін жариялады. Соның ішінде дәл «Ақ Орда Корпорациясы» да бар.

Құрылыс компаниясына қатысты жанжал бұл ғана емес. Шымкенттегі тұрғын үй, балабақша, мектеп құрылысына қатысты жаңалықтарда осы компанияның аты аталады.

2019 жылы Шымкенттегі «Нұрсәт-3» ықшам ауданындағы тұрғындар жауын кезінде көпқабатты үйдің төбесінен су өтіп, пәтерлері жарамсыз болып қалғанына наразылық білдірген. Ол үйлерді салған мердігер компания осы «Ақ Орда Корпорациясы» болатын.

KursivMedia тілшісі кәсіпорынның кеңсесіне, ашық деректерде көрсетілген нөмірлерге байланысып көрді. Бірақ ешкім байланысқа шықпады.

Сондай-ақ оқыңыз