Оралда автобус жүргізушілері ереуілге шығып, тұрғындар жұмыстан қалды
8 қаңтар күні таңертең «Алый парус» ЖШС-ның маршруттық автобустарының жүргізушілері кәсіпорындағы қордаланған мәселелерге байланысты рейске шықпай, ереуіл жариялады, деп жазады «Мой Город» басылымы.
Жұмысшылар медициналық сақтандыру бойынша аударымдардың жарты жылға жуық жүргізілмеуіне байланысты ауруханаларға қарала алмай отырғанын айтады. Сондай-ақ зейнетақы қорына төлемдер жасалмағандықтан, несие ала алмайтындарын жеткізді.
«Бізге алты ай бойы әлеуметтік және медициналық аударымдар жүргізілмеді. Жігіттер ауырады, жедел жәрдем шақырады, бірақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырусыз оларды қабылдамайды, емдемейді. Зейнетақы қорына аударымдар жасалмайды», – деді «Алый парус» ЖШС механигі Нұржан Төлеуов
Оның сөзінше, жалақы үнемі кешіктіріліп беріледі. Басқа компанияларда айлықты 10-на дейін берсе, мұнда 20-сынан кейін алады.
«Кейде жалақыны толық емес, 70%-ын немесе 50%-ын ғана береді. Бізге «түсіністікпен қараңыздар», «ақша әкімдіктен түспей жатыр» дейді. Бұл жарты жылға созылды, бұны қалай түсінуге болады? Барлығында несие, отбасы, қажеттіліктер бар: пәтерақы төлеу, киім-кешек, азық-түлік алу керек. Жаңа жылда кейбір компаниялар өз қызметкерлеріне сыйлық пен аванс береді, бізде ондай жоқ»,» – деді ол.
Ереуілге байланысты №3, №35, №14, №3К, №51 маршруттық автобустарының жүргізушілері рейске шықпаған.
«Демалысқа төлем алу да проблема. Былтыр наурызда демалысқа шыққандар әлі күнге дейін демалыс ақысын алған жоқ. «Екі адамға төлем жасалады» деп айтқан еді, екі адамға берді де, тоқтап қалды. Бұған дейін жиналыстар өтті, бірақ бізге тек уәде берумен шектеліп келеді», – деді №3 маршруттық автобусының жүргізушісі Нұрбек Тәженов.
Жұмысшылардың айтуынша, таңертең кәсіпорын өкілдері рейске шықпағаны үшін айыппұл салынатынын айтқан. Жоспар бойынша күн сайын 20 автобус рейске шығуы керек, бірақ желтоқсан айынан бастап тек 10-15 автобус шығып жүр. Басшылық мұны жанармайға қаражат жоқтығымен түсіндірген. Жүргізушілер қордаланған мәселелер шешіледі деп үміттеніп отыр. Олар 12 сағат бойы көлік жүргізу өте қиын жұмыс деп отыр. Базадан алыста тұратын жүргізушілер таңғы 4-5-те тұрады.
Кәсіпорын басшысы түсініктеме беруден бас тартты. Ереуіл орнына Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов келіп, жағдайды түсіндірген.
«Автопарк шамамен 7 қалалық маршрутқа қызмет көрсетеді. Барлық маршрут әлеуметтік маңызға ие, олар қала маңын қамтиды: құс фабрикасы, Круглоозерное, Мичурино. Бұл маршруттарға мемлекет субсидия бөледі. Барлық мәселелерді шешеміз, бірақ мәселе бір нәрсеге тіреледі – компания мемлекеттен тиісті субсидияны толық алмайды», – деді ол.
Азамат Халеловтің сөзінше, жыл сайын барлық алты тасымалдаушыға 2-5 миллиард теңге көлемінде субсидия төленеді. «Алый парус» ЖШС-ның субсидия көлемі жылына 400 миллион теңгені құрайды. Ай сайын 38-40 миллион теңге бөлінеді. Қазіргі таңда мемлекет субсидияның 70%-ын өтейді.
«Жыл сайын субсидия көлемі ұлғаяды, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын», – деді Азамат Халелов.
Сонымен қатар ол рейске шықпау – айыппұл салуға негіз болатынын, бірақ мәселенің әлеуметтік сипатын ескере отырып, мұндай шаралар қолданылмайтынын атап өтті.
Қазір жүргізушілер автобусқа отырып, рейске шығады деп келістік. Осы оқиға салдарынан кейбір азаматтар жұмысқа жете алмай кешікті. Сол үшін қала басшылығы атынан кешірім сұраймыз. Компанияның аударымдар бойынша берешегі шамамен 60 миллион теңгені құрайды. Шығын қала маршруттарының барлығына тән, – деді әкім орынбасары.