Флоридада ұшақ шассиінің қуысынан екі адамның денесі табылды
JetBlue әуе компаниясының Форт-Лодердейл – Голливуд халықаралық әуежайына қонған ұшағының шасси бөлігінен екі адамның денесі табылды.
Әуе компаниясының Associated Press ақпарат агенттігіне берген мәлімдемесіне сәйкес, бұл 6 қаңтар, дүйсенбі күні рейстен кейінгі стандартты тексеру барысында анықталған.
Ұшақ Форт-Лодердейлге Нью-Йорктегі Кеннеди халықаралық әуежайынан келген. Әуе компаниясы екі адам ұшақ шассиіне қалай тап болғанын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Броуард округінің шериф кеңсесі құтқарушылар екі адам да оқиға орнында қаза болғанын растағанын мәлімдеді. Олар ер адамдар. Бірақ олардың жеке басына қатысты басқа ақпарат әзірге белгісіз.
Тергеушілер оқиғаға қатысты барлық мәліметтерді, соның ішінде рейс маршрутын, ұшақтың басқа аялдамаларын және бұл адамдардың ұшаққа қалай түскенін зерттеуде, – деді шериф кеңсесінің баспасөз хатшысы Кери Кодд.
FlightAware.com сайтының мәліметі бойынша, Нью-Йорк – Форт-Лодердейл рейсіне дейін ұшақ 6 қаңтарда Ямайкадағы Кингстон мен Юта штатының Солт-Лейк-Сити қаласында болған.
Ямайкадағы аялдама бұл адамдардың Ямайка азаматтары болуы мүмкін деген болжамға негіз болды. Алайда Ямайканың сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Камина Смиттің мәлімдеуінше, бұл сұрақ әлі анықталмаған әрі олардың Ямайка азаматтары екенін растайтын негіз жоқ.
Кери Кодд екі адам қазасының себептерін анықтау үшін мәйітке сараптама жасалатынын хабарлады. Коммерциялық ұшақтың шасси бөлігінен денелердің табылуы елдегі авиациялық жүйе қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты қайта күшейтті.
Бұл соңғы бір айдағы осындай екінші оқиға. Желтоқсанның соңында United Airlines компаниясының Чикагодан Гавайидегі Мауи аралына қонған жолаушылар ұшағының шасси бөлігінен бір адамның денесі табылған болатын.
Мигрантар кейде АҚШ-қа бару үшін қауіпті болса да ұшақ шассиінің қуысына жасырынып жетіп алуға тырысады. АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасының статистикасы бойынша, 1947 жылдан бері 129 адам коммерциялық ұшақтардың шасси бөліктерінде немесе басқа жерлерінде жасырынуға тырысқан, олардың 100-і қаза тапқан.