Ресей соғысқа қажет құралдарды Қазақстаннан сатып ала ма?
Қазақстан 2024 жылы қаңтар мен қазан айына дейінгі аралықта Ресейге 84 592,3 тонна көлік, ұшатын аппараттар, жүзу құралдары және көлікке қатысты құрал-жабдық тауарын жөнелткен. Олардың жалпы құны 290 млн 641, 7 мың АҚШ доллары болады. Тек қазан айында осындай тауар түрлерінің салмағы – 6 413,6 тонна(жалпы бағасы 31 млн 625,3 мың АҚШ доллары) болды.
Қазақстан бейтарап па?
Ал 2023 жылы осы кезеңде Ресейге сатылған мұндай тауарлардың салмағы 108 957,5 тонна болған еді. Құны 557 млн 419, 1 мың АҚШ долларына жетті. Бұл деректер Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экпорттаған тауарларының ресми тізбесінен алынып отыр.
Өндіріске қажетті түрлі металдар, көмір және басқа да дүниелерді айтпағанда, 2024 жылдың қаңтар-қазан аралығында Ресейге ет және ет өнімдерінің 23, 2 түрін шығарған. Жалпы құны – 10 548,9 мың АҚШ доллары.
Бұл деректер Ресей мен Украина арасындағы жанжалға қатысты бейтарап ұстанымдағы Қазақстан Ресейге астыртын көмек беріп жатқандай әсер қалдырады. Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменовтің пікірінше, бұған «санкциялардан қашып» Қазақстанға келген ресейлік компанияларының іс-әрекеті негіз болып отыр.
«Қазақстан атын жамылған компаниялар Ресейге қару-жарақ жіберіп жатыр«
Атамұрат Шәменовтің пікірінше, ресейлік компаниялар «санкциядан қашып құтылу» үшін Қазақстанның атын жамылып жатыр. Қазақстанда тіркеліп, өз өнімін шығарып, пайда тапса, ол мүлде басқа мәселе.
«Бірақ олар Қазақстан атынан шетелден сатып алып, Ресейдің Украинамен соғысына, қару-жарақ алуына, қару-жараққа қажетті технологияларды, детальдарды алуға жәрдем беріп, құйтырқы нәрселерді істеп жатыр. Бүкіл әлем қарсы болып отырған соғысқа қызмет көрсету, көмектесу Қазақстанға абырой әкелмейді», – дейді экономист.
Оның пікірінше, Қазақстанның ресми позициясы белгілі. Ол соғысты қолдап отырған жоқ. «Жанжал бейбіт келісім арқылы шешілуі тиіс» деген ұстанымы бар.
«Бұл – мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі«
«Бірақ іс жүзінде Ресейге болысып жатыр. Ерте ме, кеш пе, бәрі ашылады. Қазіргі заманда мұндай компаниялардың ізін жасыра алмайсың. «Жасанды интеллект», «цифрлық экономика» деп жатырмыз. Әр жасалған іс-әрекет су бетіне қалқып шығады. Сондықтан мұның қаупі неде? Қазақстан санкцияға ілігуі мүмкін. Онсыз да экономикамыз тәлтіректеп тұр. Осындай жағдайда санкцияға түссек, бізге ешқандай жақсылық әкелмейді», – дейді Атамұрат Шәменов.
Экономика ғылымдарының докторының айтуынша, бұл жерде мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі бар.
«Көрші ел», «ежелден қарым-қатынастамыз» деп құшақ жайсақ та, олар жұп-жұмсақ емес. Ішімізге кіріп, қадалып тұрады. Жағымсыз, экономикалық тиімсіз нәрселері бар. Біз соған абай болуымыз керек. Өз басым мемлекеттің саясатына қарсы емес адаммын. Бірақ шектен шығып, Ресейдің алдына экономикалық тұрғыдан жалбақтай беруге болмайды. Тек қана экономикада ғана емес, саяси және мәдени қарым-қатынастарда да бұл байқалып жатады. Бұл – біздің мемлекеттігімізге қауіпті нәрсе», – дейді Атамұрат Шәменов.
«Компаниялардың басшылығына ресейшіл азаматтар келіп жатыр«
Оның пікірінше, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасының, әсіресе, өнеркәсібіне өте тереңдеп еніп кетті.
«Еуразиялық экономикалық одақтағы қарым-қатынасымызды желеулетіп, көптеген компанияларымыздың акцияларын сатып алу және басқа да жолдармен компанияларының басшылық қызметкерлеріне Ресейге көңілі ауған және Ресейді қолдайтын кадрлар кіріп жатыр. Осы арқылы Қазақстан экономикасына ықпалын жасауға ұмтылу үстінде», – дейді экономист.
Оның сөзіне қарағанда, бұл үрдіс кей кезде ашық, кей кезде жасырын жүріп жатыр. Сондықтан бұл нәрсеге Қазақстан үкіметі жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Мемлекеттік қауіпсіздік» деген ұғым бар. Оның ішінде «экономикалық қауіпсіздік» деген түсінік бар. Біздің экономикалық қауіпсіздігімізге осы арқылы көрші мемлекеттен нұсқан келіп жатуы мүмкін. Тіпті, келіп жатыр деп те айта аламын», – дейді Атамұрат Шәменов.
Дерек пен дәйек:
АҚШ Ресейге озық технологиялар мен жабдықтар жеткізумен айналысатын қазақстандық Kazstanex компаниясына санкция салды. 2024 жылы шілде айында Украина президенті Владимир Зеленский 192 жеке тұлғаға және 291 заңды тұлғаға 5-10 жылға санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Тізімде «ИТС-Астана» ЖШС және «Қазақстан инжиниринг» әскери-өнеркәсіп кешенінің бұрынғы еншілес компаниясы – «Тыныс» АҚ атты екі қазақстандық компания бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік «Известия» басылымында жарық көрген мақаласында қазір Қазақстанда 23 мың ресейлік компанияның жұмыс істеп жатқанын, оның 4 мыңы 2023 жылы ғана ашылғанын айтқан еді. Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Қазіргі кезде құны 18 млрд долларға жуық 90-нан астам жоба іске асырылса, тағы 49 жоба қолға алынатынын айтты.